Елде ерекше мамандық иелері көбейді. Соңғы 1 жылда 1 миллионнан астам адам жұмыстан шыққан. 853 мыңы қызметінен өз еркімен кеткен. Оның 3/1 бөлігі қазір өз-өзіне жұмыс істейді. Дипломды қажет етпейтін қандай мамандықтар? Тілшіміз анықтап көрді.
Грантқа түсу – үлкен белес, бірақ мамандықпен жұмыс істеу сирек құбылыс. Еңбек нарығында дәстүрлі табыс көзінің орнын креативті индустрия басып келеді. Мәселен, астаналық Еламан Карибаевтің мамандығы – заңгер. Игерген кәсібі бойынша жұмыс та істеп көрген. Алайда көңілінен шықпапты. Осылайша қолына смартфон алып, мобилография әлеміне бет бұрған.
ЕЛАМАН КАРИБАЕВ, МОБИЛОГРАФ:
Мобилографияны не үшін таңдадым, өйткені универ кезінде өзіме ұнады да, бұның табысы да жақсы болды. Кейін департаментте жұмыс жасадым. Бірақ бұл маған өзіме бір уақытымды жоғалтып жатқан сияқтымын деп өзімді бір басқа мамандықпен айналысып жатқандай сезіндім де мобилографияға қайтадан көштім. Мобилографиядан орташа табысым қазір Астана бойынша 500-550мың.
Бүгінде жарнаманың түрі өзгерді. Халық мінсіз студиялық бейнежазбадан гөрі, қарапайым адамның шынайы пікіріне көбірек сенетін болған. Нәтижесінде UGC-креатор деген мамандық пайда болды.
РАМИНА ФАЗЫЛЖАН, UGC CREATOR:
UGC CREATOR дегеніміз ол кәдімгі адамның тәжірибесі, шынайы эмоциясы, пікірі және де сол үшін брендтерге осы біз сияқты адамдармен жұмыс істеуге өте тиімді болып келеді. Қазіргі таңда кейбір мамандықтармен салыстырғанда табысым жоғары болуы мүмкін. Үлкен жобалармен жұмыс істегеннен кейін бір айына 500 мыңдай жуық шамамен сондай табыс тапқан болатынмын.
Тек техникалық емес, интеллектуалды мамандықтарға да сұраныс жоғары. Мәселен, профайлер адамның дене қимыл-қозғалысына қарай ішкі болмысын анықтай алады.
НҰРСҰЛТАН НАМАЗБАЕВ, ПРОФАЙЛЕР:
Профайлинг мамандығы бұл бірнеше ғылымдардың жиынтығы деп айтуға болады. Бұл жерде біз адамды тек психологиялық тұрғыдан емес біз биологиялық тұрғыдан, нейробиологиялық, қоғамдық тұрғыдан және психологиялық тұрғыдан талдайтын боламыз. Отандық университеттерде профайлинг мамандығы негізінен жоқ, бірақ сол бағытқа жақын бағыттар бар. Яғни ол психология, криминалистика, HR, коммуникация бар және мына қоғамтану бар. Сол сияқты бағыттар бар ол осы профайлингке жақын бағыттар.
Сандар сөйлесін. 2025 жылы елімізде 1 миллионнан астам адам жұмыс орнын тастап кеткен. Оның 210 мыңы әртүрлі себеппен жұмыстан шығарылса, 853 мыңнан астамы өз еркімен қызметінен кеткен. Жұмыссыз қалғандардың басым бөлігі өнеркәсіп (191,5 мың адам), сауда (153,1 мың), білім беру (139,4 мың), мемлекеттік басқару және қорғаныс (97,8 мың), сондай-ақ денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету (97,9 мың) саласында еңбек еткен.
Уақыт талабына сай икемделу - бүгінгінің басты талабы. Ең бастысы, нарықтағы сұранысты дөп басып тану және өз ісіңе деген адалдықты сақтау.