Жамбыл облысында ірі көлемдегі есірткі тарату әрекетінің жолы кесілді

фото: gov.kz

Меркі – Шу – Бурылбайтал автожолының 122-шақырымында полицейлер жеке тасымалмен айналысатын Шу қаласының 55 жастағы тұрғынының басқаруындағы Volkswagen Golf автокөлігін тоқтатты. Көлікті тінту барысында жолаушылардың бірінен гашиш салынған пакет табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 9 келіден асады. Осылайша полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі есірткі партиясын тарату әрекетінің алдын алды.

Тәртіп сақшыларының дер кезінде әрі үйлесімді жүргізген жұмысының нәтижесінде шамамен 20 мың реттік тұтынатын есірткі мөлшерінің таралуына жол берілмеді. Бұл - мыңдаған адамның өмірін нашақорлыққа тәуелділіктің ауыр салдарынан сақтап қалуға мүмкіндік берді, - деп атап өтті Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Мақсат Қанапяев.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.