Талдықорғанда 23 жастағы дзюдошы қыз жұмбақ жағдайда көз жұмды. Жақындары дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетпеді дейді. Ал жауаптылардың өз уәжі бар. Бұған қатысты тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайын тілшіміз Айгерім Есенкелді тарқатады.
Бойжеткеннің жағдайы күрт нашарлаған. Жақындарының айтуынша, алғашқы шақыртумен келген жедел жәрдем дәрігерлері оны толық қарамай, үйінде қалдырып кеткен көрінеді.
ГҮЛІМ БЕКТҰРҒАНОВА, МАРҚҰМНЫҢ ҚҰРБЫСЫ:
Ол кісі тамағын тексерді де, температурасын қарап, 37,8 түсіретін температура емес, сізде начинающий орви тамағыңыз покраснение, тамақ покраснение кезінде осылай температура береді, оған біз ештеңе істей алмаймыз деп, дәрі-дәрмек жазды да кетіп қалды.
Кейін жағдайы қайта нашарлаған соң, туыстары оны өздері ауруханаға жеткізген. Алайда тіркеуде жоқ екенін алға тартып, қабылдамапты. Науқас ауруханалар арасында сенделіп жүріп қалған көрінеді. Соңғы инфекциялық ауруханада ем қабылдағаннан кейін халі одан сайын нашарлап, қыз ес жимастан көз жұмған. Ал денсаулық сақтау басқармасы науқас станционарлық емнен өз еркімен бас тартқанын мәлімдеді.
АЛМАГҮЛ КЕНЖЕҒҰЛОВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сол күні түнгі сағат 03:49 жедел жәрдемге шақырту түседі. Бригада пациенттің ауыр жағдайына байланысты сол жерде қажетті шұғыл медициналық көмекті көрсетіп, облыстық ауруханаға алып келеді. Ауруханада өкінішке орай биологиялық өлім тіркеледі.
Марқұмның туыстары өлім туралы қорытындыда «белгісіз заттан улану» деп көрсетілгенін айтып, дәрігерлердің салғырттығы мен көмектің кеш көрсетілгенін негізгі себептердің бірі ретінде көрсетіп отыр. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптама тағайындалып, құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатыр.
ЖАНАР ҚАЛЫҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Талдықорған қаласының 23 жастағы тұрғынының қайтыс болу фактісі бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.
Жас спортшының өліміне қатысты нақты ақпарат сараптама қорытындысынан кейін жарияланбақ.