Павлодарда ер адамдар гинеколог, акушер дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Шын деп ойлап қалмаңыз. Тек құжат жүзінде ғана қаралыпты. Яғни, емханалар жалған құжат жасау арқылы оңай олжаға кенелмек болған. Әлдеқашан ана дүниеге аттанып кеткендер де дәрігер қабылдауына келіпті. Бұндай заңсыздықты Павлодар облысының прокуратурасы анықтады. Құзырлы органның мәліметінше, жалған қызмет көрсету арқылы 100 млн. теңге пайда тапқан. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқандарға қатысты 2 қылмыстық іс сотқа жолданды. Екі істің де қаражат көлемі қомақты. Кәсіпкерлер жалпы соммасы 103 млн. теңгені жымқырды деп айыпталып отыр.
ЕРЛАН ТӨЛЕКОВ, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:
Қадағалау актілері бойынша заң бұзушылықтарды жою, рұқсат беру, құжаттарды алу және кінәлі тұлғаларды заңнамада белгіленген жауаптылыққа тарту жұмыстары жүргізілуде. Қабылданған шаралар нәтижесінде 100 млн. Теңгеден астам соммаға келтірілген залалдың өтелуі қамтамасыз етілді.