Астанада түнде жүрген жасөспірімдерді анықтауға арналған рейд өтті

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2026

Елордада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кезекті түнгі рейд өтті. Сарыарқа ауданының полицейлері мен әкімдік өкілдері түнделетіп жүрген жасөспірімдерді анықтады. Тексеріс кезінде кинорумдар мен компьютерлік клубтар жіті бақылауға алынды.

Рейд Сарыарқа ауданындағы сегіз бірдей кинорумды қамтыды. Тәртіп сақшылары демалыс орындарына кенеттен кіріп, келушілердің құжаттарын тексерді. Заң бойынша, кәмелетке толмағандарға сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық нысандарында болуға тыйым салынған. Ал 23:00-ден кейін олардың тіпті көшеде жүруіне де рұқсат жоқ. Бір түннің ішінде бірнеше заң бұзушылық анықталып, жасөспірімдер полиция бөлімшесіне жеткізілді.

ШҰҒЫЛА АМАНҚЫЗЫ, САРЫАРҚА АУДАНЫ ПБ ИНСПЕКТОРЫ, ПОЛИЦИЯ ЛЕЙТЕНАНТЫ:

ҚР Әкімшілік Құқықбұзушылық туралы Кодексінің 442-бабының 2-бөлігі бойынша бірінші рет ұсталса, ескерту беріледі. Екінші рет ұсталса, әкімшілік айыппұл көзделген 15 137 тг.

Тексеріс тек көшедегі бақылаумен шектелмейді. Мамандардың айтуынша, Сарыарқа ауданында жыл басынан бері 300-ден астам әкімшілік хаттама толтырылған. Кей жағдайларда жасөспірімдер полициядан қашып кетуге де тырысады екен. Ондай кезде «қызметкердің заңды талабына бағынбау» бабы бойынша қосымша жаза қарастырылған.

ДАМИР ХИСМАТУЛЛИН, САРЫАРҚА АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мұндай жұмыс күн сайын жүргізіледі. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандарды 22:00-ден кейін қабылдаған бизнес субъектілеріне 7 факті бойынша айыппұл салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар «Астана жастары» ресурстық орталығымен бірлесіп, алдағы уақытта да үздіксіз жалғасатын болады.

Полицияның мәліметінше, профилактикалық түсіндіру жұмыстарынан кейін жасөспірімдердің көбі қателігін түсініп, тәртіпке бағынады. Десе де, кәсіпкерлер мен ата-аналарға жүктелетін жауапкершілік жүгі жеңілдемейді