Бағаны негізсіз өсіргендерге айыппұл салынады

Астанада азық-түлік бағасы бақылауға алынды. Сауда нысандарында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын негізсіз өсірмеу мақсатында  мониторингтік топтар жұмысқа кіріскен. Тексеріс кезінде бағаны қолдан көтеретін делдалдардың жолы кесіліп, талапты бұзғандарға қатаң айыппұл салынуда.

Астана әкімдігі, сауда департаменті және мемлекеттік кірістер органдарының өкілдерінен құралған комиссия   қаланың ірі базарларын тексерді. Басты назарда ет өнімдері сиыр, жылқы және қой етінің құны. Саудагерлермен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бағаны бекітілген шектен асырмау талап етілді.

АМАНГЕЛДІ ҚҰРМАНБАЕВ, САТУШЫ:

Мен аптасына үш мәрте ауылдан келіп, өз өнімдерімді саудалаймын. Ауыл қалаға жақын болған соң, жол шығыны да аса көп емес. Өз алдымызға тұрақты клиенттеріміз қалыптасқан. Бағаны нарықтан асырмай, халыққа тиімді етіп қоюға тырысамыз. Мәселен, еттің келісін 3600-3700 теңге айналасында сатып жатырмыз.

Бағаның тұрақтылығын сақтау үшін делдалдық схемаларды жою маңызды. Бұл бағыттағы рейдтер енді тұрақты түрде өткізілмек.

МАҚСАТ ЖАҢАБАЕВ, ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің мақсат – әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына мониторинг жүргізу. Одан бөлек тиімсіз делдалдардың  бәрін анықтау.

Тексеріс кезінде  ескерту жасалып қана қоймайды. Талапты сақтамаған кәсіпкерлерге қомақты айыппұл қарастырылған. Мамандар бағаны қолдан өсірушілерге қатаң жаза қолданылатынын ескертеді.

ДӘУЛЕН ҚАБДУШЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ САУДА КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Егер сауда орындарында заң бұзушылықтар анықталса, атап айтқанда, бағаны негізсіз өсіру дерегі тіркелсе, кінәлілерге 50-ден 150 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Ал егер мұндай құқық бұзушылық қайталанса, санкция көлемі артып, айыппұл 300 АЕК-ке дейін жетеді. Бұл шаралар нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет.

Мұндай шаралар қала тұрғындары үшін азық-түлік қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әкімдік өкілдері мониторинг жұмыстарының тоқтамайтынын және баға саясаты қатаң бақылауда болатынын мәлімдеді.