Ерлан Қошанов ҰҚШҰ алаңында Қазақстанның жаңа Конституциясын таныстырды

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2026

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысында сөз сөйледі. Спикер қатысушыларды ұйымның 20 жылдығымен құттықтап, осы уақыт ішінде Ассамблея ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналғанын атап өтті. Ерлан Қошанов қазіргі жаһандық саяси тұрақсыздық жағдайында парламенттік дипломатия бейбітшілік пен жалпыға ортақ өркендеу жолындағы басты біріктіруші тетік екеніне назар аударды. Сонымен қатар, мәжіліс төрағасы әріптестерін жалпыреспубликалық референдумда қазақстандықтар қолдаған жаңа Конституцияның негізгі ережелері туралы баяндап берді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының парламентшілері жаңа институттар – Вице-президент пен Халық кеңесі құрылғаны туралы, сондай-ақ президенттік басқару нысаны Конституцияда биліктің барлық тармақтары жұмысының үздіксіздігін, жүйелілігі мен келісімділігін қамтамасыз етудің кепілі ретінде бекітілгені туралы хабардар болды. Отырыс барысында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын жақындастыру, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру мәселелері де жан-жақты талқыланды.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президенттіктің алғашқы күндерінен бастап Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев маңызды саяси реформаларға бастамашы болды. Жаңа Конституция олардың логикалық нәтижесіне айналды. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша, Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құру Ата заңның басты мақсаты ретінде бекітілді. Адамның мүдделеріне бағытталу принципі жаңа әрі терең мазмұнмен толықты. Адам, оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты құндылығына айналып отыр. Конституцияда Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет теңгерімі бекітілді. Біз қос палаталы Парламенттен бір палаталы Парламентке өтеміз. Оған Құрылтай атауы берілді, оның мүшелері тек партиялық тізімдер бойынша сайланады.