Елімізде педагог қызметінің сапасын әділ бағалау тетігі енгізіліп жатыр

фото: ortcom.kz

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ брифингінде пилоттық режимдегі педагогтарды аттестаттаудың жаңа моделіне қатысты мәліметтер жариялады. Оның айтуынша, бұл қызмет енді тек академиялық көрсеткіштермен ғана емес, ең алдымен оқушы тұлғасын қалыптастыруға қосқан нақты үлесі арқылы бағаланатын болады.

«Педагог-модератор санаты үшін ашық сабақтар саны едәуір қысқартылады: бұрын жыл сайын 5 сабақ өткізу көзделсе, енді аттестаттау кезеңі ішінде барлығы 4 ашық сабақ өткізу жеткілікті болады. Біліктілікті арттыру курстарының көлемі 72 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылады. Педагогтің білім беру ұйымы деңгейінде шығармашылық топтарына, жобаларға қатысуы талап етіледі. Білім беру ұйымында сынып сағаттарын немесе сыныптан тыс іс-шараларды өткізу талабы енгізіледі», - деді вице-министр.

Педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шеберлердің де қызметінде ұқсас өзгерістер бар. Пилоттық кезеңге арналған бұйрық жобасы әзірленді, қазір келісу жұмыстары жүргізілуде. Қосымша барлық мүдделі тарапқа түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Өтпелі кезеңде педагогтердің құқықтары толық сақталады. Аттестаттау тек қосымша қаржылық ынталандыру құралы емес, ең алдымен педагог қызметінің сапасын әділ бағалау тетігі ретінде қарастырылып отыр. Сонымен бірге аттестаттау педагогтің негізгі қызметіне кедергі келтірмей, оны қолдайтын жүйе ретінде қалыптастырылады, яғни педагогтің уақыты артық есептілікке емес, оқушымен жұмысқа бағытталуы қамтамасыз етіледі.