"Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясына батысқазақстандықтар белсене атсалысты. Мыңнан астам студент облыс орталығындағы жаңа ықшамаудандарды тазаласа, қаладағы кәсіпорындардың қызметкерлері бір демалысын игі іске қиып, бастамадан шет қалмады.
Сенбілікке қатысқан екі мыңнан астам тұрғынның дені - мекеме-кәсіпорын қызметкерлері. Керек құралын сайлаған жұмысшылар өздері еңбек ететін аумақты санаулы сағатта мұнтаздай қылып тазалады.
РАУАН ЖОЛДЫБАЕВ, КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Қаламыздың таза болғаны бәрімізге жақсы. Бүгін демалыс күні болса да, осы қалалық сенбілікке қатысып, тазалық жасап жатырмыз. Басқа мекемелерді де осылай сенбілікке шығып, қаламызды таза ұстауға шақырамын. Біздің мекеменің атынан 40-45 адамдай шығып, сенбілік жасап жатырмыз.
ӘДІЛЕТ ӨТЕШЕВ, КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Біздер жыл сайын осылай сенбілікке шығып тұрамыз. Қурап жатқан ағаш, бөтелке, пластик заттарды жыл сайын жинап тұрамыз.
Туған жерін таза ұстауға ұмтылған жастар да жалпыхалықтық іске үлес қосты. Олар қала шетіндегі жаңадан бой көтерген ықшамаудандарды түрлі қоқыстан тазартты.
ДӘУРЕН ШАМҰРАТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ БАСШЫСЫ:
Бейсенбі күндері және сенбі күндері бізде жүйелі түрде сенбіліктер жасалып келеді. Соған қатысты "Тазала, мың бала!" акциясын ұйымдастырып жатырмыз. Қатысып жатқандардың басым көпшілігі - студенттер. Жаплы енді тазалық өзіміз үшін керек болғаннан кейін біздер осы бір акцияға белсенді ат салыссақ деген ниетпен келіп отырмыз.
Тазалық жұмыстары бір күнмен шектелмей, мамыр айында да өткізіледі. Бұл бастама тұрғындардың жауапкершілігін күшейтіп, экомәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді, дейді ұйымдастырушылар.