Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 7,7 пайызға өскен

фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсухтың келіссөзі ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Тараптар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығы достық пен өзара қолдау рухында дамып келе жатқанына назар аударды. Президент шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені және Аймақтық экологиялық саммитке қатысуға ниет білдіргені үшін Моңғолия Президентіне алғыс айтты.

"Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз нығая түсуде. Бірқатар жетістіктер бар. Тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Өнеркәсіп саласына қатысты нақты жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгін елордамызда Қазақ-моңғол бизнес-форумы өтеді. Оған Моңғолиядан келген көптеген компаниялар қатыспақшы. Біз мұны толық құптаймыз. Сіздің де тарапыңыздан көрсетілген қолдауға ризашылығымды білдіремін", – деді Мемлекет басшысы. 

 Былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 7,7 пайызға өсіп, 130 миллион доллардан асқан.