Жолда жүру қағидаларын бұзудың алдын алу, жол-көлік оқиғаларын болдырмау және еліміздегі жол-көлік жағдайын тұрақтандыру мақсатында республика аумағында “Құқық бұзушылыққа жол жоқ” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Аталған іс-шара жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға және жолдағы қайғылы салдарға тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған. Жол жағдайын тұрақтандыру және бақылауды күшейту қажеттілігіне байланысты Шымкент қаласы мен Түркістан облысына қосымша ішкі істер органдарының күштері мен құралдары, оның ішінде патрульдік полиция жасақтары жіберілді. Олар ауқымды рейдтік жұмыстарды жүргізуге және қоғамдық әрі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмек көрсетеді.
Шараның бір күнінде Шымкент қаласында жол ережесін бұзған 1,5 мыңнан астам бұзушылық анықталып, жолы кесілді. Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі өрескел құқық бұзушылыққа жол бергеннен болады, яғни жылдамдықты асыру, қарсы жүріс жолағына шығу, мас күйде көлік басқару және жүргізушілердің салғырттығынан болады.
Құрметті азаматтар! “Құқық бұзушылыққа жол жоқ” іс-шарасы жақсы профилактикалық нәтиже беруде және еліміз бойынша жалғасын табады. Заң мен тәртіпті әрбіріміз сақтауымыз қажет. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз, - дейді ІІМ өкілі.