Бюджет есебінен салынатын үйлердің кемі 5%-ы мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайланады. Оларды жұмысқа орналастыруға да басымдық берілмек. Кедергісіз жүріп-тұруы аса маңызды. Үкімет басшысы сала министрліктеріне бірқатар тапсырма берді.
Елімізде 752 мың адамның мүмкіндігі шектеулі. Оның тең жартысынан астамы еңбекке қабілетті жаста. Алайда, оларды жұмысқа алуға келгенде бизнес сектор әлі де секеммен қарайды. Биыл Еңбек министрлігі бұл тоңды жібітпекші. Жыл соңына дейін 17 мың ерекше азаматты квота арқылы жұмысқа орналастыру жоспарланған. Тіпті, арнайы «цифрлық жұмыспен қамту» сервисі де іске қосылмақ.
АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Министрлік бірінші жартыжылдық біткенге дейін квоталарды орындау үшін ұйымдар тізбесін цифрлық есепке алу тәсілін әзірлейтін болады. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі енгізіледі. Бұл қызмет азаматтарды жұмыспен қамтығанға дейін проактивті сүйемелдейді.
Инклюзия тек жұмыс емес, ол - еркін қозғалыс. Бүгінде еліміздегі нысандардың 67 пайызы ғана ерекше жандарға лайықталған. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл қарқынды сынға алды. Әсіресе, Маңғыстау мен Ұлытау облыстарында жағдай мәз емес. Ал баспана мәселесінде жаңа талап күшіне енді: бұдан былай бюджет есебінен салынған үйлердің кемінде 5 пайызы мүгедектігі бар жандарға бейімделуі тиіс. Тұрғын үйді қайта жоспарлау үшін көршілерден рұқсат алудың да қажеті жоқ.
ҚУАНДЫҚ ҚАЖКЕНОВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Енді қолайлы орта барлық кезеңде: қаланы жоспарлау, жобалау, құрылыс барысында және нысанды пайдалануға беру кезінде қарастырылады. Осылайша, қолжетімділік талаптары жобалау кезеңінен бастап ескеріліп, құрылыс кезінде міндетті түрде сақталады. Бұдан бөлек, нысанды пайдалануға беру кезде әлеуметтік қорғау органдары қатысып, оның мүмкіндігі шектеулі адамдарға қаншалықты ыңғайлы екенін тексереді.
Балалар инклюзиясы - ең өзекті бағыт. Елімізде ерекше білімді қажет ететін 237 мың бала бар. Олардың 17 мыңы әлі де үйде оқуға мәжбүр. Маман тапшылығы басты қолбайлау. Логопед, сурдолог, реабилитологтар жетіспейді. Мәселені шешу үшін Үкімет мұғалімдерді жаппай қайта оқытуды және бала 18-ге толғаннан кейін де оны бағатын аналардың әлеуметтік жағдайын реттеуді қолға алмақ. Атап айтқанда, бала күтімімен үйде отырған аналарға "әлеуметтік қызметкер" мәртебесі беріліп, еңбек өтілі жүретін болады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 қарашаға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді әзірлесін. Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйекке дейін инклюзивті білім берудің, кадрлармен қамтамасыз етуді арттырудың және қолдау қызметтерін күшейтудің сапалы жаңа моделін енгізсін. Менталдық ауытқуы бар балаларды тәрбиелейтін отбасыларды кешенді қолдаудың бірыңғай ведомствоаралық жүйесін қалыптастыру керек.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Төрт қабырғаға қамалған тағдырлардың қоғамға араласуы мемлекеттің басты емтиханы. Биыл Атырауда жаңа оңалту орталығы ашылып, Астана мен Алматыда пилоттық инклюзия жобалары кеңейтілмек. Мақсат биыл қолжетімді нысандар үлесін 80 пайызға жеткізу. Бұл тек цифр емес, мыңдаған жанның кедергісіз өмірге деген үміті.