Қызылжарда көпір салу кезінде қыруар қаржы жымқырылды. Қаржылық мониторинг агенттігі көпір құрылысында тексеріс жүрігізіп, былықтың бетін ашты. Теміржол үстімен көпір салуды көздеген қалалық әкімдік 2023 жылы “Бука” серіктестігімен келісім-шарт жасасқан. Жоба құны 5.5 миллиард теңгеге бағаланды. Алайда, құрылысшылар жұмысты сағызша созса керек. Олар әкімдікке жалған құжаттарды ұсынып, бюджет қаржысын заңсыз игерген. Ізінше пысықай мердігерлер құзырлы органдардың назарына ілігіп, қылмыстық іс қозғалды.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке екі миллиард теңгеден астам залал келтірілген. Сот санкциясымен жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникаға тыйым салынды. Күдіктігі қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды.
ТИМУР ЖҰМАНОВ, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Жаңа мердігер құрылыс орнында белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Қазір нысан таспен күшейтіліп, жаяу жүргіншілердің жолы салынып жатыр. Сондай-ақ, асфальт төселіп, жан-жағынан темір қоршау орнатылуда.
Жауапсыз мердігердің кесірінен әкімдік өкілдері жаңа құрылыс компаниясын іздеуге мәжбүр болғанын айтады. Былтыр жергілікті билік “Құрылыс сервис ск” кәсіпорнымен келісім-шарт жасасты. Тың мердігер жыр болған көпірді биыл тапсыруға міндеттелген.