Астанада қалдықтарды өңдейтін энергия зауыты салынады

  • AstanaTV
  • 21 сәуір 2026

Астанада қатты тұрмыстық қалдықтарды өртеу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Бұл - қала экологиясын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

«Астана энергиясы» экопаркі» деп аталатын кешен елорданың экологиялық ахуалын жақсартып, қалдықтарды кәдеге жаратудың халықаралық озық тәжірибесін енгізуге мүмкіндік береді.

ДӘУЛЕТ ДОСҚҰЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бүгін біз елордамыз үшін тарихи оқиғаның куәсі болдық. Қалдықтарды энергетикалық жолмен кәдеге жаратып, электр энергиясын өндіретін зауыттың алғашқы тасын қалау рәсімі өтті. Осы жобаның арқасында Астана дәстүрлі түрде қалдықтарды көму тәсілінен терең өңдеуге көшеді. Бұл қала экологиясына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып, 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Құрылыс жұмыстарына әлемде осындай 50-ден астам зауытты іске қосқан «Shenzhen Energy Group» компаниясы тартылды. 36 ай ішінде салынатын кешен жылына 550 мың тонна қоқысты өңдеп, қаланың энергетикалық жүйесіне 280 миллион кВт·сағ электр энергиясын жеткізе алады.

ПЭН ЦЮАНЬЮАНЬ, «EAST HOPE» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бұл жоба біздің топтың Қазақстандағы алғашқы экологиялық бастамасы. Біз оған озық технологиялар мен үздік басқару тәжірибесін енгіземіз. Жоба екі ел ынтымақтастығын нығайтып, Шэньчжэньнің жоғары стандарттарын Астанаға әкеліп, қаланың экологиясын жақсартуға бағытталған.

Бүгінде елордадағы жалғыз полигонның екінші кезеңі 2,2 миллион тонна қалдықпен толған. Жаңа жоба полигонға түсетін жүктемені азайтып, қалдықтарды өңдеу деңгейін арттырады. 2029 жылдың маусымында іске қосылатын зауыт қаланың тұрақты дамуына және энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қоспақ.