Экология – Орталық Азияны біріктіретін фактор

Фото: pixabay

22-24 сәуір күндері Орталық Азия елдерінің басшылары мен аймаққа іргелес мемлекеттердің өкілдері Астанада кездеседі. Себеп – БҰҰ аясында ұйымдастырылған өңірлік экологиялық саммит.

Саммит аясында RES 2026 EXPO көрмесі және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшыларының кеңесі өтеді.

Бұл саммиттің басты ерекшелігі БҰҰ аясында құрылған жаңа диалог алаңы ретінде іске қосылуында жатыр. Аймақ елдері Қазақстанның бастамасына лайықты үн қосу арқылы Орталық Азиядағы экологиялық проблемаларды халықаралық деңгейде бекітілген ресми құжаттар мен міндеттемелер арқылы жүйелі түрде шешуге дайын екендерін көрсетіп отыр. Басқаша айтсақ, бұған дейінгі екіжақты, үшжақты өзара келісімдердің ауқымын БҰҰ стандартына сай уағдаластықтар арқылы кеңейту, нығайту мүмкіндігі туындады. Су тапшылығы, климаттың құрғақтануы, Арал дағдарысы сияқты өзекті экологиялық сын-қатерлер аймақ елдерінің арасында қайшылық туындататыны туралы түрлі болжам айтылып қалатын. Бұл саммит экология Орталық Азияны керісінше біріктіретін фактор бола алатынын меңзейді. Сондықтан өңір елдері де, сарапшылар да бұл саммитке бір реттік көрме ретінде емес, институционалдық шешім алаңы ретінде қарап отыр.

Саммиттің БҰҰ платформасында өтетіні екі маңызды месседжден хабар береді. Біріншіден, аймақтағы экологиялық мәселелер енді жергілікті деңгейдегі емес, жаһандық қауіп ретінде қарастырыла бастады. Екіншіден, бұл процестерге халықаралық ұйымдар мен ірі донорлар жүйелі түрде тартылмақ. Осылайша Қазақстан экология тақырыбын аймақтағы елдердің ішкі саясатынан шығарып, халықаралық келіссөздер деңгейіне көтеріп отыр.

Осындай саммитті Астанада өткізу бастамасын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген еді. 

— Теңізге шығар жолы жоқ көптеген дамушы ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отыр. Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет. Дегенмен, менің ойымша, климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары теңгерімді әрі инклюзивті сипатын сақтап, елдердің даму жолындағы сұраныстарына сай болуға тиіс. Климаттық өзгерістермен күреске жұмылу мақсатында Сіздерді келесі жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге Астанада ұйымдастырылатын Өңірлік экологиялық саммитке шақырамын, — деді Мемлекет басшысы былтыр өткен Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ конференциясында.

Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының төрағасы Джим Скеа ұйымның Орталық Азияға осындай ауқымды құраммен алғаш келіп отырғанын айтады.

— Әрине, аймақта ортақ мәселелер мен сын-қатерлер бар. Астана алаңында тәжірибемізді бөлісуге мүмкіндік туғанына қуаныштымыз. Ахуал қаншалықты күрделі болса да елдер проблемаларды өзара талқылау керек. Экологияның ар жағында энергетика, қауіпсіздік және геосаясат бар. Бұл оңай емес екенін түсінеміз. Бірақ климаттың өзгеруі сияқты жаһандық проблеманы шешкіміз келсе, бірлесіп әрекет ету қажет. Әйтпесе, нәтиже де шашыраңқы болады, — дейді Джим Скеа.