Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады. Әйтсе де, ол – қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы айтты.
– Біз беталысы беймәлім аумалы-төкпелі кезеңде жүздесіп отырмыз.Мұның зардабы өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, миллиондаған адамның тұрмыс сапасына қаншалықты ауыр тиіп жатқанын егжей-тегжейлі айтудың қажеті жоқ.Соның салдарынан даму жолындағы күш-жігер, күрмеуі қиын экологиялық проблемаларға жұмсалуға тиіс ресурстар зая кетіп жатыр.Бұл ретте халықаралық қоғамдастық ерекше рөл атқарады.Сексен жыл бұрын құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы әлі күнге баламасы жоқ, әмбебап диалог алаңы екені сөзсіз. Алайда одан бері әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жасанды интеллект бүкіл адамзат санасын жаулап, күнделікті өмірге дендеп енді. Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады. Әйтсе де, ол – қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес, – деді ол.
Керісінше, БҰҰ Жарғысын біртұтас, жан-жақты құжат ретінде қабылдау керек. Оның ережелері дәл сол қалпында танылып, мүлтіксіз сақталуға тиіс. Сол себепті БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдар ауқымы мен сипаты жағынан бұрын-соңды болмаған әрі болжауы қиын өзгерістер дәуіріне қадам басқан қазіргі әлемнің ақиқатын қаперге алғаны жөн.
- Менің ойымша, экология мәселесінде таңдаулыларға басымдық беру әбестік. Көп жағдайда экологиялық күн тәртібін әзірлеу немесе қалыптастыру барысында түрлі аймақтар мен елдердің, әсіресе, экономикалық әлеуетін нығайтуға ден қойған дамушы мемлекеттердің қажеттіліктері мүлдем ескерілмейді. Алайда дамыған елдер қазіргі экологиялық стандарттарға индустрияландырудың ұзаққа созылған үдерісінің нәтижесінде жеткенін естен шығармайық. Сондықтан жаһандық экологиялық модельге көшу үрдісі әділ, теңгерімді және ынталандырушы сипатта өрбуге тиіс. Баршамыз ақылға қонымды, мұқият ойластырылған прагматикалық тәсілге жүгінуіміз керек. Сонда ғана мемлекеттер орнықты даму қағидаттарына сай алға жылжып, өзінің экономикалық өсімі мен прогресіне қауіп төндірмейді. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық бізді бөлмей, керісінше бір мақсатқа біріктіруге тиіс. Ешкім бір-бірін жария түрде айыптамауы, өзгеден мін іздемеуі қажет. Бейбітшілік пен орнықты дамуға мүдделі серіктестер ретінде жауапкершілікті сезініп, нақты әрекет еткеніміз дұрыс, – деді Президент.
Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатерлері де баршамызға ортақ. Ең бастысы, жауапкершілікті теңдей бөлісеміз. Орталық Азия мен көршілес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді.
Атап айтқанда:
- су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару;
- шөлейттену;
- мұздықтардың еруі;
- ауаның ластануы;
- биоалуантүрліліктің жойылу қаупі.