Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиев Қарабалиндер отбасы мүшелерін қай айда өлтіргені белгілі болды

Атырауда тұтас отбасын қырып салды деп күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің Қарабалиндер  отбасы мүшелерін  қай айда өлтіріп, көмгені белгілі болды. Ол  жантүршілерлік қылмысты ақыл-есі сау, ешбір сыртқы адамдардың ықпалынсыз өзі жасаған. Тергеу барысында белгілі болған кейбір жайттарды  тілшімізге сұхбат берген аймақ прокурорының көмекшісі айтып берді. Қылмыстық іс сотқа қашан түсуі мүмкін? Марқұмдардың туыстары не үшін ашық сот болғанын қалайды? Тілшіміз баяндасын.

Тергеу барысында Сұлтан Сәрсемәлиевтің Қарабалиндер отбасын аса айуандықпен жайратып салғаны белгілі болған. Сараптамада марқұмдардың әрқайсысының денесінде бірнеше жерден  кесілген және тесілген жарақаттар анықталыпты. Өлімге де сол аяусыз пышақ соққысы жеткізген.

ЖАНДАР БОЛАТБЕК, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:

Барлық жәбірленушілердің денелерінде тергеу барысында анықталған ас үй пышағымен кесілген және тесілген дене жарақаттары анықталды. Яғни алты және одан да көп. Кеуде тұсында,барлық жерінде бар, мойынында бар, ішінде бар.

Ақбаян Мұқанғалиеваға Атырауда жүргізілген сот психологиялық, психиатриалық сарапатамасымен денсаулығына нақты қорытынды беру мүмкін болмаған. Сондықтан Алматы қаласында қайта жүргізуге шешім қабылданыпты. Алайда  бауырының болашағына алаңдаулы ағайын-туыс  соттың ашық өтуін талап етпек. Олар әзірге  Ақбаянның балаларына барып, көңілін аулап жүр. Әр көрген сайын аза бойымыз қаза боп, жылап шығамыз,-дейді.

ӘСИЛЯ МҰҚАНҒАЛИЕВА, МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСЫ:

Баласы кішкене тұйықтау, үндемей шығады.  Үлкен қызы мен үшінші қызы күліп шығады.  Құшақтап, кетіп бара жатқанда да құшақтап, қимастықпен кетеді. Барғанда өзім жылап шығамын. Себебі анасын қатты сағынады. 3 бала мына жақта, екі бала ана жақта. Мына Сүлейман бауырын сағынады екен. Бейбарыс деген інісі бар. Өткенде ойыншық апардық қой сол кезде Сүлейманның айтқаны бар мына ойыншықты Бекарысқа апарып бересіз ба ініме деп. Ашық сот болғанын қалаймыз. Біз де білгіміз келеді не істеген, не қойғанын бәрін.

Күдікті Сәрсемәлиевке де сот психиатриалық сараптама жүргізілген. Мамандар оның ақыл-есінің дұрыстығы, өз іс-әрекетіне жауап бере алатын айтады.  Тергеу кезінде Наурызды мамыр, ал қалған отбасы мүшелерін қараша айында  өлтіргені анықталған.

ЖАНДАР БОЛАТБЕК, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:

Сыртқы күштердің ешқандай ықпалы жоқ. Барша күдіктілер мен жәбірленушілер жеке қалған уақытта жеке дара орын алған.  Сыртқы күштердің әсері, басқа тұлғалардың қатыстылығы бұл жерде анықталған жоқ.

Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты ҚР екі және одан да көп адамдардың өлімі бабымен, одан өзге жәбірленушілердің жеке мал-мүлкінің жымқылуы фактілерімен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қылмыстық іс сотқа мамыр айында жіберілуі мүмкін.