Қызылордада бас қосқан жыршы, термешілер «Әділетті заң – әділетті қоғам» тақырыбы аясында толғады

  • AstanaTV
  • 22 сәуір 2026

Жыршы, термешілер заң мен тәртіпті әннің өзігіне айналдырды. Сыр елінде бас қосқан 10 дүл-дүл құқықтық талаптар мен қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын жырға қосты. Мықтылар жүлделі орындармен марапатталды.

Республикалық жыршы, термешілер байқауына қатысушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келді. Жыр десе делебесі қозатын халыққа «Әділетті заң – әділетті қоғам» тақырыбы аясында толғады.

ДИДАР ҚАМИЕВ, АҚЫН, ЖЫРШЫ:

Біздің бабаларымыздың қандай бір термесі болсын, өсиеті болсын осы айналып келгенде заңға бағыну, дұрыс жүру, адал болу деген сияқты дүниені насихаттап келген. Біздің де сол айтпағымыз осы тұрғыда деп ойлаймын.

Шара облыс әкімдігінің, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қолдауымен, Бас прокуратураның бастамасы негізінде өтті.

ФАРХАТ ИМАНҒАЛИЕВ, ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЕСЕПКЕ АЛУ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Халыққа кеңінен ақындар арқылы, ақындардың сөзімен тәртіпке бағынайық, тәртіпке бағынған құл болмайды деген мәселелерді кеңінен таратып айтқымыз келеді. Бүгінгі іс-шараның мақсаты осы және осындай қылмыстарға ешқашан бармасын деген мақсатта өткізіп жатырмыз.

ЖАНДОС БАЗАРТАЙ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Домбыраның күмбіріне елең етіп, көне сөздің киесін жырдан іздеген, рухы биік, өнерді ардақ тұтатын керемет халықтың алдында республикалық байқау біздің партиямыздың қолдауымен ұйымдастырылып жатыр. Біздің партиямыздың басым бағыттарының бірі ол құқықтық мәдениет пен рухани құндылықтарды ұлықтау болып саналады.

Көнеден қалған баба мұраларынан өзге, өз жандарынан шығарған туындыларын ұсынған жыршылар халықтың ерекше қошеметіне бөленді. Жүйріктер қаржылай сыйлықтармен марапатталды.