Шымкентте электр жарығының өшуіне қатысты 28 мыңнан астам шағым түскен

Фото: pixabay

Қала тұрғындарынан түскен арыз-шағымдардың дені коммуналдық қызметтерге тиесілі.

Қалалық цифрландыру басқармасының хабарлауынша, жыл басынан бері I-Shymkent 109 орталығына тұрғындардан 111 мыңға жуық арыз-шағым түскен.

Түскен өтініштердің 91,2 пайызы орындалған, қалғаны қазіргі таңда бақылауға алынған. Орталық күн сайын орта есеппен 1000-1500 қоңырау қабылдайды.

Ведомство мәліметінше, шағымдардың басым бөлігі коммуналдық қызметтерге қатысты болып отыр.

— Атап айтқанда электр энергиясының өшуіне байланысты 28 мыңнан астам қоңырау тіркелді. Аула және көше жарықтандыру мәселелері бойынша 6 мыңға жуық өтініш түскен, оның 1500-і қаралып жатыр. Сонымен қатар жасыл желекке қатысты 3 мыңға жуық шағым тіркелген, — делінген басқарма ұсынған ақпаратта.

Жалпы қала тұрғындары тиісті қызметтерге жарық, су, қоғамдық көлік, аула және көше жарықшамдары, санитарлық тазалық, жасыл желек пен жол инфрақұрылымы мәселелері бойынша жиі шағымданады.