Ұлттық кітап күніне орай «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды. «AMANAT» партиясы ұйымдастырған бірегей марафонға Шымкент қаласы мен Қарағанды, Қостанай облыстарынан 190 мыңға жуық адам қатысты. Сегіз айға созылған пилоттық жоба аясында оқырмандар шамамен 2 миллион кітап оқып шыққан. Салтанатты шараға Мәжіліс Спикері, партия Төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, оқу мәдениетін қалыптастыру елдің интеллектуалдық капиталына салынған ең тиімді инвестиция екенін атап өтті. Жоба аясында оқу мәдениетін қалыптастыру үшін «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын мектеп» сияқты 6 түрлі бағыт қамтылды. Нәтижесінде 462 адам жеңімпаз атанып, оның 156-сы бірінші орын иегері ретінде бағалы сыйлықтармен марапатталды. Партия Төрағасы өз сөзінде елімізде кітапханалар саны артып, оқырман белсенділігі 4 пайыздан астам өскенін атап өтті. Сондай-ақ, баспаларды қосылған құн салығынан босату және жазушыларға қаламақы төлеу секілді жүйелі қолдауларға тоқталды.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазір 23 сәуірді – Ұлттық кітап күнін ел болып атап өтуді игі дәстүрге айналдырдық. Сонымен қатар, бүгін Президент халқымызды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, алдағы екі аптада оқуға құштар, зияткер ұлт қалыптастыру шаралары туралы Жарлыққа қол қоятынын айтты. Кітап оқитын ұлтқа айналу – мемлекеттің мәдени-рухани өркендеуінің төте жолы. Кітап оқитын ұрпақ тәрбиелеу – елдің интеллектуалдық капиталына салынған ең тиімді инвестиция. «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасы осы мақсатты көздейді. Жобаның басты миссиясы – елімізді әлемдегі ең көп оқитын он елдің қатарына қосу.