Қызылордада полиция қызметкері ер адамның өмірін сақтап қалды.
“Ескі базар” маңында бір ер азамат кенеттен құлап, есінен танып қалған. Оқиға куәгерлері абдырап, не істерін білмей, жедел жәрдемге хабарласқан. Әр минут қымбат сәтте “Human Rights Lawyers” қоғамдық қорының еріктілерімен бірге сауалнама өткізуге шыққан полиция қызметкері шұғыл әрекет етті. Талып қалған азаматты ыңғайлы жерге жатқызып, алғашқы көмек көрсетті. Жедел әрекет пен кәсіби біліктіліктің нәтижесінде ер адам есін жиып, аман-есен қалды. Сол аймақтың Қызылорда қаласы ПБ учаскелік полиция инспекторы Қадыров Жанғабылдың жедел әрекеті, үйлесімді жұмысы, жауапкершілігі мен адамгершілігі зардап шегушінің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Адам өмірін арашалап қалған полицей 2017 жылдан бастап қоғамдық қауіпсіздік күзетінде.
— Осындай қиын сәтте дер кезінде көмек көрсеткен полиция капитаны Жанғабыл Қадыровқа шын жүректен алғыс білдіреміз. Өз тарапымнан қиын сәтте шешім қабылдап, адам өміріне араша болған полиция қызметкері марапатқа лайық деп санаймын. Осындай батыл, тез шешім қабылдап, сол арқылы оң іске себепкер болатын мықты полицейлер көп болсын!, — деп оқиғаның куәгері әлеуметтік желіде жазба қалдырған.
Полицейдің жедел әрекеті төтенше жағдайда әр секундтың шешуші рөл атқаратынын дәлелдейді. Дұрыс әрі дер кезінде жасалған әрекет — бір адамның өмірін сақтап қалуға себеп болды.