Астанада жазғы туристік маусым қарсаңында экскурсиялық теплоходтар дайындалып жатыр. Есіл өзені жағалауында кемелер су бетіне түсірілді.
Теплоходтар 1 мамырдан бастап өзен бойымен қатынай бастайды.
Astana Tourism туризмді дамыту орталығы департаментінің директоры Саят Оразтайдың айтуынша, Есіл бойымен серуендеу – елордадағы ең танымал туристік демалыс түрлерінің бірі.
"Есіл Астана" кеме қатынасы компаниясының өкілі Карина Данилко маусым алдында барлық теплоход толық техникалық тексерістен өткенін айтты.
Барлық теплоход сырланып, толық қызмет көрсетілді. Жолаушылар қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді: жаңа құтқару жилеттері сатып алынып, жабдықтар тексерілді, – деді ол.
Суға 45 орындық "Астана KSW-082", 65 орындық "Есіл KSW-092" және "Р-118", 30 орындық "КС-192", "КС-201" және "ПР-151" теплоходтары түсірілді.
Сонымен қатар "Есіл Астана" компаниясы кеме паркін жаңарту мақсатында 12 адамға дейін арналған жылдам жүретін төрт шағын кеме сатып алған.