“Үй жануарларының адамдардан қорлық көруіне жол бермеу керек” - Президент

Фото: Ақорда

Президент Қазақстанда соңғы жылдары көп өзгеріс болғанын, бұл көзге көрініп тұрғанын атап өтті.

– Қалаларымыз бен ауылдарымыз тазарып, топырақтың, судың, ауаның ластануы азая түсті. Ірі кәсіпорындарда зиянды шығарындыларды төмендету бағытында жұмыс атқарылып, үздік экологиялық тәжірибелер енгізілуде, қатты қалдықтарды қайта өңдеу ісінде алға ілгерілеу бар. Алайда кемшіліктер де аз емес, алда жұмыс көп. Ең бастысы, экономика ғана емес, азаматтарымыздың тұрмыс салты мен ой-санасы да өзгеруде. Жаңа Конституциямызда жасампаз патриотизм, бірлік, ынтымақ, табиғатты аялау қағидаттары тіршіліктің негізгі іргетасы ретінде бекітілді. Бұған белгілі дәрежеде «Таза Қазақстан» жобасының, яғни, ел жастарының әсері болғаны рас. Мен өздеріңізді мақтан тұтамын. Сіздерге алғысым шексіз. Екі жылда аталған прогрессивті бастама жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Жоба тың мазмұнмен толығып, шын мәнінде, Әділетті Қазақстан идеясының өзегіне айналып келеді. «Таза Қазақстан» қағидаты, «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тұжырымдамалары тұтас құндылықтар жүйесін құрап, мемлекеттік басқару мен қоғамның ажырамас бөлшегі болуға тиіс. Мұны жан-жақты ілгерілету үшін беделі биік белгілі азаматтарды тартқан дұрыс. Жаңа идеологияның басты дәріптеушісі – жастар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасын дамыту аясында жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға тоқталды.

– Үй жануарларының адамдардан қорлық көруіне жол бермеу керек. Үкімет үй жануарларын дұрыс күтіп-баптамағандарға берілетін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып, ал оларға қатыгездік көрсеткендерге кесілетін қылмыстық жазаны күшейтуі керек. Негізі, қаңғыбас иттер проблемасына азаматтардың немқұрайлылығы себеп: яғни олар бастапқыда жануарларға ықыласы ауып асырағанымен, кейіннен көңілдері қалып, керексіз заттай көшеге тастап кетіп жатады. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу қажет. Сондай-ақ ешқандай «хайпқа» жол бермей, мамандандырылған жануарлар орталықтарының қызметіне қоғамдық бақылау қойған жөн. Бұл іске сіздер де үлес қосасыздар деп ойлаймын. Жалпы, қаңғыбас иттерге қамқорлықпен қарау қоғамның арасына сына қақпауға тиіс. Өңірлерден алған ақпаратқа сәйкес, балалар, тіпті, ересектер жабайы иттерден жиі зардап шегуде. Басты мәселе – осы. Сондықтан бұл проблемаға мемлекет пен жұртшылықтың, нақты айтқанда, заң шығару тұрғысынан Парламенттің араласпасына болмайды. Бірақ біз қорғансыз жануарларды жәбірлеген фактілерге де бей-жай қарамауымыз керек, атап айтқанда, үй жануарларын азаптағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан дұрыс. Осындай тәсілдер қоршаған ортаға озық әрі жауапты көзқарас қалыптастырады деп ойлаймын. Бұл да «Таза Қазақстан» аясында атқарылуға тиіс істің бірі, – деді Президент.