Жол апатынан жүргізуші қаза тапты

Фото: Almaty.tv

Алматының Медеу ауданында жүк көлігінің тежегіші істен шығып, салдарынан жүргізуші қаза тапты. 

Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай бүгін, 26 сәуір күні таңертең болған. Howo маркалы жүк көлігінің жүргізушісі Нұрмағамбетов көшесімен келе жатып, көлікті басқара алмай қалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ауыр техниканың тежегіш жүйесі істен шыққан. Жүргізуші көлікті тоқтата алмай, алдымен металл қоршауға, содан кейін үш ағашқа соғылған. Соққының қатты болғаны сонша, жүк көлігі аударылып кеткен. Жүргізуші алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Көлікке және жол инфрақұрылымына елеулі зақым келген.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тиісті сараптамаларды тағайындады.