Астанадағы Nazarbayev University-де ашық есік күні өтті. Болашағына ерте қамданған талапкерлер мен олардың ата-аналарына құжат тапсырумен қатар, оқу бағдарламасы туралы да ақпарат берілді. Сондай-ақ келушілерге жатақхана, спорт кешені мен оқу блоктары таныстырылды.
Елден шықпай-ақ халықаралық деңгейде білім алуға болады. Талапкерлер жоғары оқу орнын таңдарда, оның қауіпсіздігі мен оқу ақысына, шетелде тәжірибеден өту мүмкіндігіне баса назар аударатыны рас. Ал дәл осы артықшылықтардың барлығын елордадағы Nazarbayev University-ден табуға болады.
ГОНЗАЛО ХОРТЕЛАНО, NU-ДЫҢ ЖАРАТЫЛЫСТАНУ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР МЕКТЕБІНІҢ ДЕКАНЫ:
NU қауіпсіз әрі заманауи білім беру ордасы саналады. Соңғы жылдары геосаяси жағдайға байланысты басқа елдерде білім алып жатқан студенттер біздің университетке ауысып жатыр. Қазақстан қолайлы әрі әлемдік деңгейде білім ұсынатын тартымды бағытқа айналып келеді.
Орталық Азиядағы жетекші университетке жыл сайын сұраныс артып келеді. Осы оқу жылында 12 мың өтінім түскен. Бұл – өзге жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш. NU-ға түсуді мақсат қылған талапкердің IELTS деңгейі кемінде 6.0 болуы қажет. Бірақ көпшілік ақылы түрде білім алуға болатынын біле бермейді. Мұнда оқу ақысы 5 млн теңгеден басталады.
ДӘУЛЕТ МАКАДИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
NU-ды таңдау себебіміз - бұл енді қазір Азия елдеріндегі университеттердің ең үздігі. Сондықтан таңдаймыз, әрине. Болашақ жастардың қолында, сондықтан осы университетті бітірген жастардың жерде қалмайтынына сенімдіміз.
Қазір университетте жасанды интелект, ақпараттық технологиялар, инженерия, бизнес пен медицина мамандықтары оқытылады. Қай саланың болсын үздік оқытушылары жиналған білім ордасында заманауи құралдармен жабдықталған 200-ден аса зертхана бар.
ЗАРИНА АҚШОЛАҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мұндағы орта жақсы, өйткені өте білімді жастар жиналған. Олар түрлі дайындықтан өткен, қайсысы болсын дарынды. Сондықтан, менің ойымша, бұл ортадағы даму мәселесі – шешуші факторлардың бірі.
Ал студент атанғандарға жатақхана, зертхана, кітапхана, асхана, спорт және демалыс кешендері шоғырланған кампус ұсынылады. Ғимараттар заманауи бейнебақылау камераларымен жабдықталғандықтан, қауіпсіздік мәселесі де – жоғары деңгейде.