Алматыда балалардағы аутизм мәселесіне арналған халықаралық конференция өтті

  • AstanaTV
  • 27 сәуір 2026

Аутизмі бар балалармен жұмыс істеуде енді жасанды интеллект қолданылады. Мамандардың сөзінше, ол ерте анықтауға және диагноз қоюда пайдасын тигізбек. Алматыда осы бастамаға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен келген 350-ден астам сарапшы қатысты.

Аутизм спектрінің бұзылысы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі дейді әлемнің жетекші педиаторлары. Көп жағдайда бұл диагноз бала 2-3 жасқа толғанда ғана анықталады. Ал ресейлік дәрігерлер оны бала дүниеге келгенге дейін анықтауға болады деп есептейді. Ол үшін жасанды интеллект технологияларын қолдануда.

АҚБОТА КӘРІМХАНОВА, ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ МЕДИЦИНАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПЕДИАТРИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ ДОЦЕНТІ:

Мысалы, диагноз қоюға және де жас мамандарға қандай алдын-ала жаңағы жоспарларға байланысты зерттеулер жүргізуге қалай жоспарлауға болады... Енді ол жоспарланғаннан кейін адамзат жаңағы осы зерттеулерді өткеннен кейін әрі қарай жасанды интеллектті пайдалануға болады. Алдын-ала диагноз қою үшін,  дәрігер дұрыс бағытта жүруіне өте пайдалы.

Конференцияда аутизмнен бөлек, инфекциялық аурулардың алдын алу, балалардың дұрыс тамақтануы мен семіздік мәселелері де талқыланды.

КОЛЛИН КРАФТ, АҚШ ПЕДИАТРЫ:

Біз тәжірибе алмасамыз, өйткені бір-бірімізге айтарымыз да, үйренеріміз де бар. Біз аутизм спектрінің бұзылысы туралы баяндама дайындадық, сондай-ақ семіздік мәселесін де талқылаймыз. Дұрыс тамақтану - көп ауру мен бұзылыстардың алдын алудың маңызды жолы.

Айта кетейік, шара Қазақстан, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қытай және басқа да елдерден келген 350-ден астам қатысушыны біріктірді. Сондай-ақ конференция онлайн форматта да көрсетіліп, оған 1500-ден астам адам қосылды.