Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Израиль Президенті Ицхак Герцогты қабылдады

Израиль Президенті Ицхак Герцог Қазақстанға ресми сапармен келді. Ақордада мәртебелі мейманды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Екі ел әнұрандары орындалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль Президенті бір-бірін делегация мүшелерімен таныстырды. Мемлекет басшысы шағын құрамда әріптесімен келіссөз жүргізіп, қос ел арасындағы тығыз қарым-қатынасқа ерекше тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

1992 жылдан бері қос халық ортасында тығыз достық байланыс орнады. Өзара ынтымақтастықта, әсіресе, экономика және саяси бағыттарда елеулі табысқа қол жеткіздік. Еліміз Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Таяу Шығыс елдері мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне Қазақстанның да үлес қосуға дайын екенін көрсетеді. Бүгін біз өзара экономикалық байланыстарымызға қатысты көптеген мәселені талқылаймыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бұл мүмкіндікті мейлінше пайдалану керек. 

Израиль Президенті елімізге келгеніне қуанышты екенін жасырмады. Сонымен қатар, түрлі салаларда тығыз байланыс орнатуға мүдделі екенін тілге тиек етті. Әсіресе, Қазақстанның Ибрахим келісіміне қосылып, Бейбітшілік кеңесінің жұмысына атсалысқанына ризашылығын білдірді.

ИЦХАК ГЕРЦОГ, ИЗРАИЛЬ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанға үнемі келгім келетін еді. Мұны шын жүректен айтып отырмын. Өйткені қазақ жерінің көркем табиғаты мен қазақ халқының керемет мәдениеті туралы көп естідім. Менімен бірге өзара серіктестігімізге, әсіресе, жоғары технологиялар саласындағы ықпалдастыққа тың серпін беретін сарапшылар келді. Әлем жаңа дәуірге қадам басқан кезеңде елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті орасан зор.