Үсік жүреді: ауа райы күрт құбылады

Фото: pixabay

Қазақстанда 28-30 сәуір аралығында ауа райы құбылмалы болады. 

Елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, ал түнгі уақытта тұман түсіп, кей өңірлерде үсік жүруі мүмкін.

Алдағы күндері әсіресе оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жауын-шашын аралас сипатта болады. Түнде жаңбыр соңы қарға ұласуы ықтимал. Кей жерлерде бұршақ жауып, желдің күшеюі де күтіледі. Түнгі және таңғы мезгілде тұман жиі байқалады.

Солтүстік пен орталық облыстарда жауын-шашынсыз, ашық ауа райы басым болады.

28-29 сәуір күндері оңтүстік өңірлерде, ал 29-30 сәуірде шығыста күн райы тұрақтанып, ашық болады деген болжам бар. Сонымен қатар, республиканың оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде шаңды дауыл соғуы ықтимал.

Синоптиктердің дерегінше, 28-29 сәуірде батыс, солтүстік-батыс, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнгі уақытта ауа температурасы -3°С-қа дейін төмендеп, үсік жүреді.

Күндіз ел аумағында ауа райы біртіндеп жылынып, өңірлерге қарай әртүрлі болады. Батыста күн +15…+20°С шамасында болса, солтүстік-батыста +17…+25°С-қа дейін жетеді. Солтүстік өңірлерде ауа +21…+26°С аралығында жылынады. Орталықта күн біршама ыстық болып, +21…+30°С-қа дейін көтеріледі.

Шығыста +19…+27°С шамасында жылы болса, оңтүстікте күн қаттырақ қызады – +25…+34°С. Ал оңтүстік-шығыста ауа температурасы +22…+27°С көлемінде болады.