Астанада 28 сәуірден бастап мектеп оқушылары мен жеңілдігі бар азаматтар үшін атаулы LRT карталарына онлайн өтінім беру басталды.
"City Transportation Systems" хабарлағандай, картаны Астанада тіркелген және тұрақты тұратын 7 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылар, сондай-ақ жеңілдігі бар санаттағы азаматтар рәсімдей алады.
Атаулы LRT көлік карталарын елордадағы оқу орындарының 7 жастан 18 жасқа дейінгі білім алушылары мен жеңілдігі бар санатқа жататын азаматтар ала алады, - делінген хабарламада.
Өтінімдер тек ресми сайт арқылы тек онлайн қабылданады. Пайдаланушылар қажетті мәліметтерді толтырып, құжаттардың цифрлық нұсқасын тіркеуі және картаны алуға ыңғайлы орын ретінде аудандық әкімдіктердің бірін таңдауы тиіс. Карта дайын болған кезде өтінім берушінің көрсетілген телефон нөміріне SMS-хабарлама жіберіледі.
Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін алты аудандық әкімдікте беру пункттері ұйымдастырылған. Дайын карталар сол жерлерге жіберіледі, оны өтінімді толтыру кезінде таңдалған әкімдіктен алуға болады.
Атаулы картаны онлайн алу жолы
-
Сайтқа өтіңіз.
-
Өтінім беру: «Картаны онлайн шығару» бөлімін таңдаңыз.
-
Деректерді толтыру: ЖСН, аты-жөніңізді жазып, фотосуретіңіз бен жеке куәлігіңіздің көшірмесін жүктеңіз.
-
Төлем және жеткізу: Картаның құнын онлайн төлеп, курьермен жеткізу қызметіне тапсырыс беріңіз.
Атаулы көлік картасын дайындау құны - 1200 теңге. Карта тек LRT-де жүруге арналған және қалалық немесе қала маңына қатынайтын автобустарда жарамсыз.
Басқа жолаушылар үшін жол жүруге арналған көлік карталары мен бір реттік билеттер LRT іске қосылғаннан кейін стансаларда қолжетімді болады.
Сондай-ақ, кассаға жүгінбей турникеттерден өтуге мүмкіндік беретін баламалы төлем тәсілдері қарастырылған. Төлем тәсілдері туралы қосымша хабарланады.