Домбыраны харам деген тұрғын 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Фото: gov.kz

Азат Қоныс Қылмыстық кодекстің «Діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша күдікке ілікті. Тергеу аяқталғанша қамауда отырады.

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті әлеуметтік желілерде діни негіздегі араздық пен өшпенділікті қоздыруға бағытталған пікір жариялаған. Жедел-іздестіру барысында оның жеке басы анықталып, ұсталды.

— Бірден уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен оған бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау түрі таңдалды. Жергілікті тұрғынға қатысты діни араздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Полиция әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдікнемесе діни араздықты қоздыру заңмен қатаң жауапкершілікке әкелетінін ескертеді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.