Израиль Президенті Ицхак Герцогтің Қазақстанға ресми сапары жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль Президенті Ицхак Герцог елордадағы халықаралық жасанды интеллект орталығына барды. Мәртебелі қонақтарға Alem.ai-дың инновациялық экожүйесі таныстырылды. Толық циклді технологиялық хаб - таланттарды іздеу, мамандарды оқыту және дайын жасанды интеллект шешімдерін жаһандық нарыққа шығарумен айналысады. Израиль Президентіне еліміздің жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын экономика мен әлеуметтік салада енгізу тәжірибесі мен жетістіктері көрсетілді. Сондай-ақ, елорданың жаңа интеллектуалдық инфрақұрылымын қалыптастыратын Astana Smart City жобасы туралы мәлімет берілді.