Биыл жедел жәрдем қызметі 1,8 миллионнан астам шақыртуға барған. Күн сайын жүздеген бригада тұрғындарға шұғыл көмек көрсету үшін жолға шығады. Бұл сала мамандарына деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Жедел жәрдем қызметінің тыныс-тіршілігін тілшіміз Айғаным Тұрысбек көрсетеді.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Дәл қазір біз жедел жәрдем бригадасымен бірге шақыртуға асығып барамыз. Мұндай көліктер қала көшелерінде күн сайын жүздеген шақыртуға шығады. Олар ауа райына да, жол жағдайына да, уақытқа да бағынбайды. Әр қоңырау бір адамның тағдыры, бір отбасының үміті. Бұл жай ғана жұмыс емес, секундпен есептелетін үлкен жауапкершілік. Неше уақытта жетеміз?
Фельдшерлер үшін әрбір күн -сынақ. Олар бір ауысымда оннан астам шақыртуға шығып, адам өмірін арашалап қалу үшін бар күш-жігерін жұмсайды.
ТОҒЖАН ОҢҒАРБАЙ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ МЕДИЦИНАЛЫҚ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ФЕЛЬДШЕРІ:
Біздің сала жауапкершілікке толы. Сондықтан қиындықтар бұл жерде өте көп. Шақырту барысында әртүрлі кикілжіңдерге тап болып қаламыз. Көбінесе түсіністікпен қарауға тырысамыз. Егер науқас қатты қиналып айтып жатқан сөздері болса барынша науқасқа сабырлықпен қарап, тыныштандыруға тырысып көмек көрсетеміз.
"Алтын сағат" -жедел жәрдем үшін шешуші кезең. Алайда жолдағы кептелістер мен аулаларды жауып тұрған көліктер бригаданың уақытылы жетуіне үлкен кедергі.
НҰРЛАН ДОСМАҒАМБЕТ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:
Кейде адамдар нақты қажет болмаса да жедел жәрдем шақырады. Ал сол сәтте біреуге шынымен көмек керек болуы мүмкін. Тағы бір мәселе жүргізушілердің жол бермеуі және аулалардың жабық болуы. Көліктер кіреберісті жауып, шұғыл шақыртуға жетуге кедергі келтіреді. Мұндайда 102-ге жүгінуге тура келеді.
Вирустық аурулардың өршуі кезінде шақыртулар саны бірнеше есе артады. Әсіресе, қараша-желтоқсан айларында тәулігіне 10 мыңға жуық қоңырау түсіп, бригадалар 3 мыңға тарта шақыртуды қабылдайды. Осы қауырт сәтте диспетчерлердің жұмысы ерекше маңызды.
АРАЙЛЫМ ДҮЙСЕНБАЕВА, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ МЕДИЦИНАЛЫҚ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ДИСПЕТЧЕРІ:
Әртүрлі шақыртулар түседі. Агресивный кісілер түседі. Шақырту адресін білмейтіндер түседі. Ол да бізге қиыншылық түсіреді. Бізге бірінші орында мекен-жайы керек. Адамды не мазалайды, жасы, ер адам ба, бала ма сол бізге ең керегі.
Бүгінде елімізде 20 дербес станция мен жүздеген қосалқы бөлімшелер халыққа тәулік бойы қызмет көрсетеді. Тек Астананың өзінде күніне 154 бригада іске жұмылдырылған.
БОТА САДЕТХАН, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ МЕДИЦИНАЛЫҚ СТАНЦИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бригаданың саны жалпы норматив бойынша анықталады. 10 мың халыққа бір бригада. Бүгінгі таңда Астана қаласының жерлеу жердем станциясында 100 бригадаға жуық ұйымдастырылған, сонымен қатар қалалық емханаларда 54 мобильді бригада жұмыс істейді.
28 сәуір - жедел жәрдем қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Адам жанының арашашысы болған абзал жандардың ерен еңбегі ерекше құрметке лайық.