Жамбылда жұрт апатты деп танылған мектепке балаларын жіберуге қорқады

  • AstanaTV
  • 28 сәуір 2026

Жамбылда жұрт апатты деп танылған мектепке балаларын жіберуге қорқып отыр. 1968 жылы әскери жатахан ретінде салынған ғимараттың қабырғаларына сызат түсіп, сылағы сыпырылып, іргетасы жерге кіріп барады. Ұл-қыздарының қауіпсіздігіне   алаңдаған ата-аналар мәселе тезірек шешілсе дейді.

Мәншік Маметова атындағы мектепте  83 бала білім алады. Ғимараттың сиқы мынау. Қабырғалар жарылып, сылағы түсіп жатыр.  Жауын жауса шатырдан су ағады.  Жарты ғасырдан астам уақыт сыртын сипап, келбетін келістіріп қойғанға тұрғындар тойған. Сондықтан сырты бүтін- іші түтін болған мектеп бір күні құлап, оқушыларды басып қала ма деп қауіптенеді.

ЖАНАРСТАН БАКИБАЕВ, ЖЕҢІС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тексеріс болған, мынау заключениясы. Трешина беріп жатыр фундамент. Қабырғаларына су өтіп жатыр шатырдан. Баяғыда 60 жылдардың басында осы бұл әскери жатахана ретінде салынған. 

НҰРЛАН КЕНЖЕБЕКОВ, ЖЕҢІС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мектеп соғылады деп те решение шығарылған. Жер бөлініп қойған оған. Мына жақтан бір жарым гектар жер беріліп ауылдың кіреберісінен. Жылда сырылып қала береді. Морып жатыр бәрі, ескі ғимаратқой морып стеналары жарылып, сыз тартып. Жылда әктейді, жылда сылайды ол құлап қалады.

Жұрт жергілікті биліктің құрғақ уәдесіне тойған. Осыдан 4 жыл бұрын  жаңа мектеп салынады деп сүйіншілегені сұйылып кетті дейді. Аудандық білім бөлімі мектептің тозығы жеткенін мойындайды.  Бірақ апатты жағдайда емес дейді. 

ҚҰРАЛАЙ ӨСКЕНБЕКОВА, БАЙЗАҚ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл мектеп бізде апатты жағдайдағы мектепке жатпайды. Дегенмен де біз осы 27 жылы осы 100 орындық мектеп құрылысына толыққанды ғимарат берілетін болады. Қазіргі таңда жалпы жоспарда бар. 2027 жылдың аяғына дейін 100 орынды мектеп құрылысы аяқталатын болады.

Өңірде күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердың мәселесі толық шешілмей тұр. Әлі де кеңестік кезеңде салынған 70 ке жуық білім ошағы бар. Биылғы жоспар бойынша ескірген 27 мектепке қайта жаңғырту жүргізілмек.