Қазақстан мен Моңғолия арасында жаңа автокөлік дәлізі салынады

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Моңғолия мен Қазақстан арасындағы ең қысқа автомобиль жолының бағыты айқындалып, салынып, пайдалануға беріледі.

Өткен аптада Қазақстанға Моңғолия Президенті У.Хүрэлсүхтің мемлекеттік сапары барысында Баян-Өлгей аймағына қатысты үш маңызды мәселе бойынша келісімге қол жеткізілді. Бұл туралы Моңғолия Президентінің сапары барысында делегация құрамында Қазақстанға келген Баян-Өлгей аймағының әкімі Е.Заңғар мәлімдеді.

Біріншіден, тараптар Баян-Өлгей аймағы мен Қазақстанның Өскемен қаласы арасында тікелей әуе рейстерін қайта жандандыру туралы шешім қабылдап, тиісті келісімге қол қойды. Сонымен қатар Моңғолияның Жол және көлік министрлігі Баян-Өлгей аймағына халықаралық әуе рейстерін орындауға рұқсат берді.

Екіншіден, тараптар Моңғолия мен Қазақстан арасындағы ең қысқа автомобиль жолының бағытын айқындау, оны салу және пайдалануға беру жөнінде келісім жасасты.

Үшіншіден, тараптар Баян-Өлгей аймағында Қазақстан Республикасының консулдығын ашу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.