Полиция ескертеді: кальян қолдану – заң бұзушылық әрі денсаулыққа қауіп

Polisia.kz

Соңғы жылдары жастар мен жасөспірімдер арасында кальян шегу кеңінен таралып отыр. Қоғамның бір бөлігі кальянды зиянсыз, хош иісті, жеңіл демалыс құралы ретінде қабылдайды. Алайда бұл – қате әрі қауіпті түсінік.

Жыл басынан бері темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, кальян темекісін, кальян қоспаларын және темекіні қыздыру жүйелерін тұтынуға қатысты 3 200-ден астам құқық бұзушылық тіркелді. Мамандардың айтуынша, кальян түтінін сүзгіден өткізу оның зиянды әсерін төмендетпейді. Керісінше, ол адам ағзасына улы заттардың енуіне жол ашып, денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді. Құқық қорғау органдары күнделікті кешкі және түнгі уақыттарда рейдтік іс-шаралар жүргізіп, кальян ұсынатын және пайдаланатын мекемелерді анықтау жұмыстарын тұрақты түрде атқаруда. Жүргізілген тексерістер барысында Кенесары және Сарыарқа көшелерінде орналасқан бірқатар мекемелерде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы 1-бөлігі бойынша заң бұзушылықтар анықталды. Астана қаласы полиция департаменті жастар арасында түсіндіру және алдын алу шараларын күшейтіп, түрлі акциялар мен тренингтер ұйымдастыруда. Сонымен қатар жас буынды салауатты өмір салтына баулу мақсатында оларды спорттық және шығармашылық үйірмелерге тарту жұмыстары жүргізілуде. Кальян шегу – сәнді әдет емес, ол адам денсаулығына тікелей қауіп төндіретін зиянды әрекет. Әрбір азамат өз өмірі мен денсаулығына жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Ең бастысы – салауатты өмір салтын таңдап, өз болашағыңызды саналы түрде қорғау.