Елордада «Халық қатысатын бюджет» аясында басталған игі іс дауға ұласты. Аулаларды абаттандыру бағдарламасы бойынша жеңімпаз атанған нысандардың бірінде жөндеу жұмыстары басталғанымен, істің сапасы мен ауқымы тұрғындардың наразылығын тудырды. Халық миллионлдаған теңге желге ұшты ма деп қауіптенеді. Мәселенің мән-жайын әріптесім Аяулым Изатқызы тарқатып айтады.
Астанадағы көппәтерлі үйлердің бірі «Халық қатысатын бюджет» жобасында жеңімпаз атанған. Жылдар бойы күткен жөндеу жұмыстары жасалатын болды деп қуанған жұрттың қуанышы көпке созылмады. Айтуларынша, мердігер компания асфальтты тек ішкі аулаға төсеп, үйдің сыртқы бөлігін ескі қалпында қалдырған. Жолдың ойдым-ойдымы шығып, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына кедергі келтіріп тұр дейді.
САЯН ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Халықтық бюджетпен өтіп жатқан ремонтқа көңіліміз толмайды. Неліктен? Толықтай ауланың бәрін қамтымайды. Бюджеттің көлемі 50 миллиондай, бірақ жасап жатқан бүгінгі жұмысы толық немен алған кезде, бір 10-15 миллион ғана шығар. Ары қарай тартпайды. Ауланың ішін ғана істеп жатыр, бергі жағы қалып жатыр. Шұңқырға толып жатыр, баламен жүруге мүмкіндік болмайды.
БОТАГӨЗ МАРАТҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Біз кішкентай бөпрелерімізбен жүреміз коляскамен. Жүрейін десек, жолдың бәрі опырылып қалған. Машиналар былай-былай жүреді. Біз тротуармен жүре алмаймыз. Өйткені тротуардың бәрі опырылып қалған. Сол үшін жолдың бойымен машиналармен қабаттасып жүреміз.
Тұрғындар бұл мәселе бойынша әкімдікке де, мердігерге де бірнеше мәрте шағымданған. Алайда жауаптылар «жоба тізіміне енбеген аумаққа тиіспейміз» деп қысқа қайырған.
ИННА ХЕ, МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ӨКІЛІ:
Жөндеу жұмыстары жасалмайтын аумақта жүріп-тұру ыңғайсыз. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар мен кішкентай баламен жүретіндерге қиын. Әкімдікке байланысқа шықтық, бірақ олар үйден тысқары аумақты жөндеу жобаның тізіміне кірмейтінін айтты.
Ал аудан әкімдігі жұмыстың әлі аяқталмағанын және бөлінген қаражаттың нақты қайда жұмсалатынын түсіндірді. Олардың айтуынша, бағдарламаның өз талаптары мен шектеулері бар.
АЛМАТЫ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ:
Жоба аясында аула аумағын кешенді абаттандыру, воркаут аймағын құру, футбол алаңын жөндеу және асфальт төсеу қарастырылған. Қазіргі уақытта жұмыстар жүріп жатыр. Айта кету керек, аула сыртындағы аумақ бұл бағдарламаның жұмыс тізіміне кірмейді. Дегенмен іргелес скверге реконструкция жасалып, балалар алаңдары мен демалыс зоналары толық жаңартылады.
Десе де тұрғындар үміттерін үзбейді. Мәселе шешілмесе, жауаптылардың барлығының есігін қағатынын айтады.