"AMANAT" партиясынан сайланған депутат ел алдында есеп берді

AMANAT партиясынан сайланған мәслихат депутаттарының ел алдындағы есептік кездесулері басталды. Олар тұрғындарға сайлауалды бағдарламасының орындалуын баяндап, алдағы жоспарын жария етті.  Батыс Қазақстан облысындағы Қаратөбе ауданы екі жыл бұрын су тасқынынан қатты зардап шеккен еді. Президенттің тікелей араласуымен үйсіз қалғандар түгел баспанамен қамтылып, жаңадан бір ауыл бой көтерді, әлеуметтік нысандар да қайтадан салынды. Бұған қоса, мектептер мен фельдшерлік, ветеринариялық пункттер жөнделді. Көгілдір отынмен түгелдей қамтылған ауданды енді ауыз су жайы толғандырып отыр. Атқарылған жұмыстарды ел алдында баяндаған Қаратөбе аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Меңдешев AMANAT партиясы фракциясының мүшелерімен бірлесе отырып, бұл мәселенің де биыл шешілетінін айтып қуантты.

НҰРЛАН МЕҢДЕШЕВ, ҚАРАТӨБЕ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президент келгенде өзі айтып кеткен Қалдығайты өзеніне көпір, Жақсыбай өзеніне көпір күн тәртібінде тұрған мәселе. Мұның да жобалық-сметалық құжаттары экспертизадан өтіп, бәрі дайын тұр. Тек қаражат күтілуде. Біз болашақта осы халықтың мұң-мұқтажын, елдегі атқарылуға тиісті жұмыстардың барлығын көңілден тыс қалдырмаймыз. Әр уақытта да халықпен біргеміз.