Атырау облысында камералардың көмегімен мас күйінде көлік басқарудың 60-тан астам дерегі анықталды

Polisia.kz

Атырау облысында жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен мас күйінде көлік басқарудың 60-тан астам дерегі анықталды. Жедел басқару орталығының негізгі міндеті - бейнебақылау камералары арқылы қала аумағын үздіксіз қадағалау, күмәнді әрекеттерді дер кезінде анықтап, патрульдік полиция қызметкерлеріне жедел ақпарат беру.

Мұнда қызмет атқаратын әрбір инспектор жоғары қырағылықпен жұмыс жүргізеді. Жедел басқару орталығының инспектор-кезекшісі Наурызбек Ұзақбаев та осындай жауапты қызметтің алдыңғы шебінде. Ол тәуліктік кезекшілік барысында қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті бейнебақылау жүйесі арқылы бақылайды. Кезекті қызмет барысында тәртіп сақшысы Орталық көпір аумағында күдік тудырған Hyundai автокөлігін байқайды. Көліктің қозғалысы сенімсіз болғандықтан, ол бірден патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама береді. Жедел әрекет нәтижесінде аталған көлік тоқтатылып, тексеру барысында жүргізушінің мас күйде екені анықталды. Аталған құқық бұзушылық бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Мамандардың айтуынша, уақытылы анықталған бір ғана күмәнді әрекет ауыр жол-көлік оқиғасының алдын алуға мүмкіндік береді. Наурызбек Ұзақбаевтың сөзінше, олардың басты мақсаты — тек құқық бұзушылықты анықтау емес, оның алдын алу. Айта кетейік, жыл басынан бері мас күйінде көлік басқару және көлікті мас адамға басқаруға беру деректері бойынша 60-тан астам құқық бұзушылық анықталған. Уақытылы берілген әрбір бағыттама - бір адамның өмірін сақтап қалуға себеп болуы мүмкін.