Алматыда Қазақстан бойынша алғашқы крематорий іске қосылды. Енді мәйітті ақылы түрде өртеп, күлін шығарады. Бұл қызметтің ақысы 240 мың теңгеден басталады. Толығырақ әріптесім Ғазиза Әмірбек айтады.
Кремация рәсімі қатаң регламенттелген және толық құжаттар пакеті болған жағдайда ғана жасалады. Әрбір қадам арнайы бақылаумен және құжатпен рәсімделеді. Мәйітте крематорийге алып келгенде әуелі камералы тоңазытқышқа салады. Нысанда жалпы 12 суық камера бар. Ал онда бір сәтте 4 адамның денесін сақтауға болады. Кейін мәйітті жуып, табытқа салып, қоштасу бөлмесіне апарады. Кейін қызып тұрған пеште өртейді.
ҚАЙЫРЖАН ИСАБЕКОВ, КРЕМАТОРИЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Бұл өзі изолированный пеш. Нешетүрлі іші блоктан тұрады. Қызыл кірпіші, армадиомный нелері бар. Бұл градустың өзі 850 градус пен 1100 градусты ұстайды. Бұл жғудың себебі алдын ала 35 сағат дайындау керек. Пока дайындыққ келмейінше 35 сағат, 35 сағаттан кейін ғана барып біз мәйітті өртей аламыз.
ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:
Кремацияның негізгі бөлігі осы орында жүргізіледі. Адам денесі осындай табытқа салынып, пешке жіберіледі. Ішке салынған соң онда 1 жарым - 2 жарым сағат ішінде өртеледі. Мамандардың айтуынша, кремация уақыты марқұмның дене бітіміне, табыттың материалына байланысты.
Рәсімнен кейін туыстарына күл табысталады немесе уақытша сақтау бөлмесіне қалдырылады. Бюро директорының айтуынша, ел заңнамасы бойынша күлді шашуға заңмен тыйым салынған. Кремациядан кейінгі қалдықтар жерленуі тиіс.
АРДАК ӘЛІШЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ «ҚАЛАЛЫҚ ПАТОЛОГИЯЛЫҚ-АНАТОМИЯЛЫҚ БЮРОСЫ» ШЖҚ КМК ДИРЕКТОРЫ:
Бүгінде барлық еңбек шығындары, газ шығыны, пешті дайындау және өзге де шығындар есептелді. Қызмет құны 240 мың теңгені құрайды. Кремация аяқталғаннан кейін күл марқұмның туыстарына қолына беріледі немесе уақытша бізде сақталады. Оның қанша уақытқа сақталатынын біз келісімшартта шешеміз.
Крематорий іске қосылғанымен, қоғамдағы оған деген көзқарас әзірге біркелкі емес. Елде дәстүрлі жерлеу рәсімдері басым болғандықтан, көпшілік үшін бұл формат әлі де тосын көрінеді. Мамандардың айтуынша, жаңа қызметке деген сұраныс уақыт өте қалыптасуы мүмкін.