Буын ауыстыруда робот технологиясы қолданылды

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2026

Елімізде робот-хирургтардың көмегімен жасалатын күрделі операциялардың саны артып келеді. Жасанды интеллект медицина саласына қарқынды енгізілуде. Академик Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында бүгінде буын ауыстыру операциялары жаңа технологияның көмегімен жүзеге асырылып жатыр. Әріптесім Айғаным Тұрысбек жаңашыл тәсілдердің жұмысымен танысып қайтты.

59 жастағы Нағима Ибадоллаева жуырда оң аяғына роботтың көмегімен эндопротез салдырған. Ол осыдан 7 ай бұрын сол аяғына дәстүрлі әдіспен операция жасатқан. Бастапқыда қорқыныш болғанын айтқан науқас екі әдісті салыстырып, роботпен жасалған операциядан кейінгі қалпына келу әлдеқайда жеңіл әрі жылдам өткенін жеткізді.

НАҒИМА ИБАДОЛЛАЕВА, ЕМДЕЛУШІ:

Оң аяғым нашарлап кеткен еді соған осында келдім. Роботпен операция жасадым, жақсы өтті бәрі. жеңіл өтті. калцийдің тізеде жетіспеуі сол аяғым 4 степень болды оі аяғымдікі 3 болған.

Бүгінде елімізде буын ауыстыруға мұқтаж 130 мыңға жуық адам кезекте тұр. Орталықта жылына жасалатын 10 мың отаның 2 мыңдайы дәл осы буын ауыстыруға тиесілі.

БЕКЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ, ТРАВМАТОЛОГ-ОРТОПЕД ДӘРІГЕР:

Соңғы 2 жылда біздің елімізде роботтың көмегімен энопротзациялау операциясы кеңінен қолданылып жатыр. Әзірге Қазақстанда 2 жылда 1 000-ға жуық операция жасалған. Осыдан екі жыл алдын Қазақстанда бір ғана роботттың түрі ғана болатын болса қазір роботтың түрі көбейді. Жақында біздің ауруханамызға Миссо деген робот келді.

Орталықта күн сайын 10-15 операция жасалады, алайда жаңа роботталған технология әзірге тек ақылы негізде және шеберлік сабақтары аясында жүзеге асырылуда. Дегенмен, бұл технологияның енгізілуі отандық медицинаның технологиялық әлеуетін айқын көрсетеді.

ҚАЙРАТ АШИМОВ, ОРТОПЕДИЯ №3 БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Операция алдында жоспар жасалып, КТ арқылы буын зерттеледі. Барлық мәлімет компьютерге енгізіліп, жасанды интеллект талдап, науқасқа қажетті нақты өлшемдерді анықтайды. Роботтан қателік шығу ықтималдығы өте төмен. Себебі науқастың аяғы миллиметрге ғана қозғалса да, робот бірден тоқтап, бәрі қайта тексеріледі. Бұл операцияның қауіпсіздігін арттырады.

Мамандардың айтуынша, тізе және жамбас буындарының артриті мен артрозы кең таралған. Оған жарақат, тұқым қуалаушылық, артық салмақ және зиянды әдеттер әсер етеді. Соңғы екі жылда Қазақстанда роботтың көмегімен жасалған эндопротездеу операцияларының саны 1000-ға жетті. Бұл отандық медицинаның технологиялық деңгейі артып, заманауи емдеу әдістерінің қолжетімді бола бастағанын көрсетеді.