Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады.
Бұл – қоғамымыздың мызғымас құндылықтарын паш ететін қастерлі мейрам. Бірлік күні халқымыздың тілектестігі мен ауызбіршілігі, өзара сыйластығы мен құрметі, отаншылдығы мен перзенттік сүйіспеншілігі кеңінен дәріптеледі.
- Кезінде тағдырдың жазуымен елімізде тұрақтаған түрлі этнос өкілдері Қазақстан атты киелі Шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – бәрімізге ортақ игілік. Дана халқымыз «Татулық – таусылмас бақыт» деп бекер айтпаған. Біз – бейбіт заманның қадірін білетін, айналасына жанашырлықпен қарайтын, әрдайым көмек қолын созуға дайын тұратын елміз. Бұл – біртұтас ұлтымыздың болмысына тән қасиет. Біз осы бірегей дәстүрді көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керек. Біздің көзқарасымыз әртүрлі болғанымен, тілегіміз – бір. «Бірлігіміз – әралуандықта» формуласы мемлекеттік саясат пен азаматтарымыздың күнделікті өмірінің өзегіне айналды. Сондықтан біз бірлік, ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарын жаңа Конституцияның преамбуласында нақты көрсеттік. Бұл – Қазақстан халқының саналы түрде жасаған таңдауы. Себебі азаматтарымыз баршаға бірдей құқықтар мен мүмкіндіктер беретін елде, әділ, тұрақты және бақуатты қоғамда тұруды қалайды, – деді Президент.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы еліміздегі ауқымды жаңғыру үдерісінің арқауы ретінде осы биік мақсатқа жетуімізге кепіл болмақ.
- Біздің тарихымыз, бүгініміз және болашағымыз – бір. Бұл –Қазақстан халқының сарқылмас күш-қуаты мен отаншылдық рухының айқын көрінісі. Біз бәріміз бір ел болып жұмылып, өсіп-өркендеу жолында биік белестерді бағындыра беретінімізге кәміл сенемін. Қымбатты отандастар, баршаңызға зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін! – деді ол.