Жылы күндердің және өрт қаупі жоғары маусымның басталуымен табиғи өрттің туындау қаупі артады.
Осыған байланысты ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және ашық отты пайдалануға жауапкершілікпен қарауға шақырады.
— Сенбіліктерді өткізу, үй маңындағы аумақтарды, бақша және саяжай учаскелерін тазалау кезінде ерекше сақ болу керек. Құрғақ, ыстық және желді ауа райында от пен қоқыстарды жағуға тыйым салынады, — делінген хабарламада.
Ауа райы қолайлы болған жағдайда ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта, осы мақсаттар үшін арнайы бөлінген орындарда және тұрақты бақылауда от және қалдықтарды жағуға жол беріледі.
Мангалды (барбекю, гриль) ғимараттар мен құрылыстарға дейін 10 метрден жақын емес қашықтықта пайдалануға рұқсат етіледі, сондай-ақ орынды өрт сөндіргішпен немесе кемінде 10 литр суы бар сыйымдылықпен жабдықтау қажет.
ТЖМ еске салады:
- сөндірілмеген темекі тұқылдарын, сіріңкелерді, отты тастамаңыздар;
- құрғақ шөпті өртемеңіздер;
- үйдің немесе саяжайдың аумағын құрғақ шөп пен жанғыш қоқыстардан үнемі тазалаңыздар;
- балалардың отпен ойнауына жол бермеңіздер.
— Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске саламыз. Балаларды су маңында, әсіресе күн жылынған кезеңде және табиғат аясында белсенді демалыс кезінде қараусыз қалдырмаңыз, — делінген министрлік хабарламасында.