Ертең «Ағайынды алтаумыз» атты жаңа сериал жарыққа шығады

Ертең «Астана» арнасы көрермен назарына  жаңа сериал ұсынады. 

Жаңа туындыға  «Шымкент шоу» театрының актерлары орындап жүрген «Ағайындылар» интермедиясы арқау болған. 

Жақсыбай - жасы 70 ке тақаған, әулеттің әкесі.  Кемпірі қайтыс болғалы қара шаңырақта үйленбеген кіші баласы екеуі тұрады. Әзілқой, қыңыр мінезді.

Ілесбай (Берік Тұрсынбеков) - Жақсыбайдың үлкен ұлы. Жеке ауруханада дәрігер.  Ақылды, байсалды, інілеріне жол көрсетіп жүретін, көмектесетін кейіпкер. Жұбайы Райхан өзі секілді биязы, ақылы мол келіншек.

Оразбай (Дәурен Жұмаділов) - Жақсыбайдың екінші ұлы. Орысша білім алып, орыс әйел алып, шала қазақша сөйлейді. Әйелінен қатты қорқады. 

Құласбай (Михон) - Жақсыбайдың үшінші ұлы. Мешітте имам болып қызмет атқарады. 

Мықтыбай (Наконай) - Жақсыбайдың төртінші ұлы. Құқық қорғау органында тергеуші қызметін атқарады. Бауырлардың ішінде ең пысығы, пайдакүнемі. 

Түктібай (Ерлан) - Жақсыбайдың бесінші ұлы. Тұтығып сөйлейтін, бауырлар арасындағы ең жуасы. 

Құттыбай (Саят) - Үйдің ең кенже баласы. Студент. 

Туынды 16 бөлімнен тұрады. Ұзақтығы - 40 минут.

Жоба авторлары алты ағайын арқылы қоғамдағы ер азаматтардың тіршілігін қазақы әзілмен, шытырман оқиғалар арқылы  көрсетуге тырысады. Отбасы құндылығы, ағайын арасындағы сыйластық пен ауызбіршілік, үлкен мен кіші арасындағы қарым- қатынас кеңінен суреттеледі.

Жаңа туынды 2 мамыр 14:30-да «Астана» телеарнасынан көрсетіледі.