ШҚО-да полицей жоғалған баланы бір жарым сағатқа жетпей тауып алды

Polisia.kz

ШҚО-да полицей жоғалған 4 жасар баланы бір жарым сағатқа жетпей тауып алды.

2 мамыр күні сағат 10:12-де "102" арнасына 4 жасар баланың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Бұл жөнінде оның 20 жастағы әпкесі мәлімдеген. Анықталғандай, баланың ата-анасы ұлын әпкесінің қарауына қалдырып, қонаққа кеткен. Бүлдіршін ауладағы ойын алаңында ойнап жүрген, ал бойжеткен оны терезеден бақылап отырған. Алайда бірнеше минутқа назардан тыс қалдырған сәтте, бала көзден таса болған. Әпкесі бірден өз бетінше іздеуге кіріскенімен, нәтиже болмаған соң уақыт жоғалтпай полицияға жүгінген. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шұғыл жетті. Топ құрамында Өскемен қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі Қадырмен Жеңісханов та болды. Баланың ерекше белгілерін нақтылап алған ол бірден іздеу жұмыстарына кірісіп, маңайдағы аулаларды аралап, өтіп бара жатқан адамдардан сұрастырып, жақын маңдағы дүкендерді тексерді. Сағат 11:28-де, яғни бала жоғалған сәттен бастап бір жарым сағатқа жетпей, полиция қызметкері бүлдіршінді тауып алды. Ол дүкендердің біріндегі ойыншықтар бөлімінде жүрген. Қуанышқа орай, бала аман-есен, ешқандай жарақат алмаған. Кейін ол ата-анасына табысталды. Оқиғадан кейін баланың туыстарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Полиция қызметкерлері ата-аналар мен қамқоршыларға балаларды тіпті қысқа уақытқа да қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Балалардың қауіпсіздігі — үнемі бақылауда болуы тиіс маңызды мәселе.