Алматыдағы жасөспірімдер арасындағы төбелес соңы өліммен аяқталды

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2026

Алматыда жасөспірімдер арасындағы төбелес екі адамның өмірін қиды. Компьютер клубынан шыққан жанжал көше бойында пышақтасуға ұласқан. Полиция қанды оқиғаға қатысы бар 10-нан аса жігітті ұстады. Қайғылы жағдайдың мән-жайы қазір анықталып жатыр. 

Жігіттердің арасындағы дау компьютер клубының алдында басталған. Кейін жанжал көше төбелесіне ұласып, олар бір-біріне пышақ ала жүгірген. Салдарынан екі адам көз жұмды.

ГҮЛШАТ ӘБДІРАСИЛОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Ит сияқты, мысық сияқты пышақтап кеткен. Бұл жастар қайда барады? Баламды жай ұрып, басын жарып, аяғын сындырса болар еді ғой, пышақпен аяусыз. Әкесі көргенде айтады, бірнеше жерден пышақтаған деп. Баламның жаны шыққанда қатты қиналған.

АЙДАНА ЕСЕНГЕЛДІ, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:

Әпке менен Әкежан деген бала қыс айынан бастап аптасына 5мың теңге әкеліп тұр маған. Армиядағы сияқты дедовщина қойған ғой. Сосын Димашыма айттым, Димаш жаным сен мұндай балалармен сөйлеспейтін едің ғой, ол бала сенен не үшін сұрап жүр, не үшін ондай ортаға жолықтың, не үшін дедім. Бірақ артық ойым жоқ әпке уайымдама, бірақ артымнан қалмай жүр деп маған ескертті.

Дәрігерлер барлық қажетті көмекті көрсеткенімен, жасөспірімдерді аман алып қалу мүмкін болмаған. Сондай-ақ марқұмның туыстарының айтуынша, қанды оқиға кезінде тағы екі жас жігіт пышақ жарақатын алған. Қазір олар ауруханада.

РУСТАМ ШӘРІБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктілер анықталып, ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаға қатысқан барлық адамдар полицияға жеткізілді. Қазір  тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Іс ҚР ІІМ мен Алматы қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында. 

Марқұмдардың жақындары  істің әділ қаралуын талап етеді. Олар төбелеске қатысы бар барлық азаматтардың заң алдында жауап беруін сұрап отыр.