Президент жасанды интеллектіні барлық салаға енгізуді тапсырды

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2026

Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті. Жиында еліміздің цифрлық трансформациялану барысы мен озық технологияларды экономиканың стратегиялық секторларына енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды. Президент өз сөзінде адамзаттың мүлдем жаңа технологиялық дәуірге қадам басқанын және бұл өзгерістердің ауқымы өткен ғасырлардағы индустриялық революциялардан әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.

60-тан астам елден келген 150-ге тарта сарапшы мен 100-ден аса инвестордың мақсаты - бір. Ол - цифрландырудың ауқымын кеңейту.

Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында алгоритмдердің экономикаға әсері айтылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жасанды интеллект жаһандық экономиканың басты арқауы, ал үлкен деректер қоры аса маңызды ресурс санала бастады. Сондықтан Қазақстан жасанды интеллектіні аса маңызды стратегиялық бағыт ретінде қарастырады. Алдымызға Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде өршіл мақсат қойдық.

Иә, экономиканың даму тетіктері бірнеше бағытты қамтиды. Солардың бірі- цифрлық валюта. Оны экологиялық һәм экономикалық тұрғыдан бағамдар болсақ, қағаз ақша мен пластик картаны азайту табиғатқа да, қазынаға да түсер салмақты жеңілдетеді. Демек, бұл бастама қаржыны үнемдеумен қатар, қоршаған ортаны қорғауға да сеп болады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертеді. Өйткені бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, транзакция үшін алынатын комиссиялық төлемдердің шығынын қысқартады. Бұл Қазақстанның дүние жүзінен көбірек капитал тартып, жетекші инвестициялық және қаржылық орталыққа айналуына көмектесуге тиіс.

Мемлекет басшысы шетелдік тәжірибелерді де шетте қалдырмады. Қазақстанды жайлы аймақтық хаб ретінде таныту үшін көші-қон үдерістерін оңтайландырылып жатыр. Оның бәрі толық цифрлық форматқа көшіріледі. «Алтын виза» осы бағыттағы елеулі шешімдердің бірі екені рас.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл визаның иегерлері ұзақ уақыт бойы еліміздің резиденті бола алады. Артық әкімшілік жүктемеден босатылады. Оларға едәуір салық жеңілдігі беріледі. Бағдарламаға қатысушылардың және олардың отбасы мүшелерінің Қазақстан азаматтарымен бірдей сапалы білім алуға, медициналық қызметті пайдалануға мүмкіндігі болады.

Экономика мен экология, көші-қон мен қорғаныс және өзге де  салалар жасанды интелектімен жанданатыны анық. Себебі көшке қазір ілеспесек, кейін арадағы алшақтықты қысқарту қиындай түседі.