Мамыр айынан бастап салықшылар банк деректерін сүзгіден өткізуді бастады. Мобильді аударымдар бақыланғанмен, той-томалақтан түскен көрімдік пен жақынның сыйы үшін ешкім сізді тергемейді. Мемлекеттің назарына нақты кімдер ілігеді? Жеке шотын бизнеске пайдаланғандарды қандай жаза күтіп тұр? Әріптесім Ақбота Базарбай рет-ретімен тарқатып береді.
Салықтық бақылау алғашқы нәтижесін бере бастады. Ресми дерекке сүйенсек, жыл басынан бері 200 мыңнан астам кәсіпкер ісін тоқтатқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бірақ Үкімет бұдан трагедия жасаудың қажеті жоқ деп есептейді. Неге? Өйткені жабылғандардың басым бөлігі- табысы мен жұмысшысы жоқ, тек қағаз жүзінде бар кәсіпорындар.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Салықтың көбеюіне жай ғана ақша жинау емес, экономикалық белсенділік пен салықты басқарудың жақсаруы себеп болды. Бұл – бизнестегі құрылымдық өзгеріс: жұмыс істемейтін жеке кәсіпкерлер жабылып, бір бөлігі іріленіп заңды тұлғаға айналуда, ал енді бірі өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде заңдасып жатыр.
Салық органдары сүзгіден өткізуді тоқтатпайды.
Еске салайық, егер сіздің жеке шотыңызға үш ай қатарынан, ай сайын жүзден аса әртүрлі адамнан ақша түсіп, оның жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса, сіз автоматты түрде бақылауға ілігесіз. Ал туыстар мен достар арасындағы тиын-тебен немесе тойдағы көрімдік үшін алаңдаудың қажеті жоқ. Жүйе тек жүйелі түрде келетін табысты нысанаға алады.
ҰЛДАНА СҮЛЕЙМЕН, ҚР ҚМ МКК ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС ХАТШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
Белгіленген өлшем шарттан асқан жеке тұлғалардың мәліметтері мемлекеттік кірістер органындарына екінші деңгейлі банктерден келіп түседі. Алынған мәліметтерге сәйкес мемлекеттік кірістер органдары тарапынан камералдық бақылау жүргізіледі және жеке тұлғаға қатысты камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама жолданылады.
Бұл -жай ғана бақылау емес, цифрлық талдаудың нәтижесі. Салық органдары банктерден алған мәліметтерді арнайы ақпараттық жүйелер арқылы өңдеп, кәсіпкерлік қызметтің белгілерін анықтайды. Бұл жердегі негізгі мақсат жеке тұлғалар арасындағы туыстық немесе тұрмыстық аударымдарды емес, жасырын жүргізіліп жатқан сауда-саттық айналымын ашыққа шығару.
АРМАН БЕЙСЕНБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
Мәселе ақшаның көптігінде емес, оның тұрақты түрде түсіп тұруында. Егер адам жеке шотын күнделікті табыс табу үшін пайдаланса, бұл кәсіпкерлік қызмет болып есептеледі. Ондай азамат өзін кәсіпкер ретінде тіркеп, ай сайынғы төлемдерді төлеп, кәсібін ашық жүргізу керек.
Мамырдағы хабарламалар әзірге ескерту ғана. Бірақ ескертуді елемегендерге 157 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Мемлекет кәсіпті буындыру емес, көлеңкеден шығаруды көздеп отыр. Ал мобильді аударымды күнделікті тұрмыста, отбасы ортасында пайдаланатын қарапайым азаматтарға алаңдауға еш негіз жоқ.