Трамп: «Кубаны қайтар жолда, ерігіп жүріп басып аламыз»

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2026

Ирандағы шаруаны бітіріп, Кубаны қайтар жолда ерігіп басып аламыз. Трамп өзінің кезекті үндеуінде осылай деді. Оның үстіне, АҚШ Президенті 14 шарттан тұрған Иран ұсынысын қабыл алмады. Ақ үй басшысы, қарауға да тұрарлық емес, - деп келемеждеген. Трамп, Еуропадағы АҚШ әскерлерін де кері қайтара бастады. Германия канцлерімен ұрысып қалдым, - деп 5000 сарбазды алып кетті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Ормуз бұғазында қиын жағдайға тап болған кемелерге рақымшылығымды көрсетемін. Трамп Парсы шығанағында құтқару операциясын бастады. Бұл операцияға «Азаттық жобасы» деген ат қойған. Иран соққысынан зақымдалып, отыны да, азығы да таусылған кемелерде 20 мыңға жуық адам қалды. Бірақ, Трамп Иранмен шектелмейтінін жеткізді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз үлкен гуманитарлық бастама көтеріп отырмыз. Менен басқа ешкімнің оған миы жетпейді. Егер, ирандықтар кедергі келтіреміз десе, жандарын жаһаннамға жөнелтемін. Мейірімділік, адамгершілік деген қасиеттен олар жұрдай. Қарапайым адамға жандары ашымайды. Мен қолға алған әр ісімді соңына жеткізбей тыныш таппайтын адаммын. Ары қарай, біздің әскеріміз Авраам Линкольн кемесіне мініп алып, қайтарда, Кубаны да басып алады. Ондай күшті көргенде Куба билігі өз еріктерімен берілетін де шығар.

Трамп Еуропаны қорғамаймын деп шешті. Иранмен соғыс басталғалы, Кәрі құрлық елдерінің басшыларымен ерегескен АҚШ Президенті өз базаларындағы әскер санын азайтуға бел буды. Соңғы болып, Германия канцлері Фридрих Мерцпен ұрысып қалып, 5000 әскерді кері шақыртуға бұйрық берген.

ДОНАЛЬД ТРАМП. АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Еуропаны қорғап тұрған америкалық сарбаздарды кері қайтарамыз. Біз болмасақ, еуропалық мемлекеттер кішігірім армиядан да қорғана алмайды. Олар мені қолдаудың орнына, маған қарсы шықты. Енді көрейік, не істей алатындарын. Испания мен Италия басшылары менің көңілімді қалдырды. Саяси сауатсыз бұндай салдақылардың қалай сайланғаны түсініксіз.

Таяу Шығыста Израиль де ешкімге тыныштық беретін емес. Ливанның оңтүстігін ЦАХАЛ толығымен басып алған. Нәтижесінде, онмыңдаған адам қаза тапты. Жүзмыңдаған жан баспаналарын тастап қашуға мәжбүр болды. Демалыс күндері Израиль тағы бірнеше елдің ашуына тиді. Халықаралық қайырымдылық ұйымдарының күшімен жасақталған флот Газа секторына барып, азық-түлік, дәрі-дәрмек таратуы тиіс еді. Алайда, кемедегі жандарды Израиль әскері тұтқынға алып босатпай отыр. Испания басшысы Педро Санчес бұны жауапсыз қалдырмайтынын мәлімдеді.

ПЕДРО САНЧЕС, ИСПАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Нетаньяху бастаған Израиль билігі өз аумағына кіріп үлгермеген, ашық теңізде жүрген адамдарды тұтқынға алды. Бұл – барлық  халықаралық құқық нормаларын еш мойындамайтынын көрсетеді. Арасында, Испанияның бір азаматы бар. Біз оны қапаста қалдырып кетеді десе, қателеседі. Ендігі ісіміз Нетаньяхумен болсын. Біз өз азаматтарымызды қайда жүрсе де қорғаймыз және халықаралық құқық үшін күресеміз.

7 жылдан бері алғаш рет АҚШ-тан Венесуэлаға ұшақ аттанды. Екі ел арасында азаматтық қатынас қалпына келтірілді. AMERICAN AIRLINES компаниясының әуе кемесі Каракас халықаралық әуежайына бүгін келіп қонды.