Былтыр 1 млн-нан астам қазақстандық шетелге саяхаттаған. Жұрт әсіресе, Түркия мен Вьетнамға жиі барады. Еуропа мен Азияны аралап, Америка асатындар да жетерлік. Олардың қауіпсіздігі қалай қорғалады? Тілшіміз айтады.
Иә, жаз жақындаса туры мен теңгесін түгендеп, шекара асатындардың қарасы көбейеді. Бірі жаңа ел мен жаңа мәдениетке қызықса, ізденістің ізіне түскендер білім алуға аттанады. Қосқанат та туристерге таныс бағыт саналатын Түркияға біліктілігін арттыру үшін барған.
ҚОСҚАНАТ БАУЫРЖАН, СТУДЕНТ:
Мен Түркияның Анталия қаласындағы Ақдениз университетінің магистрантымын. Осы шетелдік медиалардың тәжірибесі, халықаралық стандарттар, шетелдік оқу орындарындағы зерттеу қалай жүреді. Осылармен танысу үшін түрлі шетелде оқығым келді. Түрлі шетелдік бағдарламаларға құжат тапсырып көрдім.
Саяхат тек билет алып, желіге сурет салумен шектелмейді. Қауіпсіздікті қадағалап, жол бағытын білмек керек. Мәселен Таяу Шығыстағы оқиғадан кейін көк паспортын қолға алған 2мыңнан астам адам елге әкелінді. Осындай оқыс жағдайға тап болса, отандастарымыз мобильді қосымша арқылы мәселесін оңай шеше алады.
АСЫЛХАН ЕСІЛОВ, «ТУРИСТІК ҚАМҚОР» КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біріншіден Туристік қамқор қоры туристердің құқықтарын қорғауда. Және бізге бірнеше каналдар бар. Бірінші ол жедел желі, екіншіден туркод мобильді қосымшасы арқылы болады және сайттан болады. Және біз елшіліктен аламыз.
Демалыс мауысымына ерте қамданатындар әдетте визаны қажет етпейтін елдерге саяхаттайды. Былтыр Түркияға 255 мың адам саяхаттаса, 250 мыңға жуығы Вьетнамға, 207 мыңы Мысырға барған. Ал Біріккен Араб әмірліктері 186 мың, Таиланд 105 мың отандасымызды қабылдаған. Мұндай өсімге жаңа бағыттардың ашылуы сеп болды дейді мамандар.
АЙДЫН БОРАНБАЙҰЛЫ, ҚР СТМ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жалпы бізде 30 елге рейстер бар. Оның ішінде Сауд Арабиясы, Йемен, Оман, Кувейт, Корея, Иран, Қытай… елдеріне бар. Және де енді біз Токиоға жапон еліне ашуды қарастырып отыр.
Бүгінде қазақстандықтар 78 елге визасыз кіре алады. Бұл Қазақстанның халықаралық беделінің артқанын көрсетеді. Алдағы уақытта мүмкіндік кеңейіп, отандастарымыз еркін саяхаттауына жол ашылмақ.