90 миллион теңге. Ақтөбе облысы әкімдігінің ғимаратында болған өрттен келген шығын көлемі осындай. Қазір нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, тілсіз жаудың тұтануына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Төтенше жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда. Еске салайық, 7 сәуір күні әкімдік ғимараты өртенді. Шатырдан басталған өрт 300 шаршы метр аумақты шарпыды. Нысанды қалпына келтіруге қажетті қаражат облыстық төтенше жағдайлар резервінен бөлінбек.
ГҮЛБАҒДА КӨБЕЕВА, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Жөндеу жұмыстарын мамандандырылған компания жүзеге асырады. Бұл қалпына келтірудің барлық кезеңдерінде жеделдік пен сапаны бақылауды қамтамасыз етеді.Жағдай өңір басшысының қадағалауында. Ғимаратты қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр.